Алматылық түлектерге аттестаттарды салтанатты түрде тапсыру 2022 жылдың 16-17 маусымында өтеді. Алматы қаласы білім басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Жұманов Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде биылғы жылы мегаполисте мектеп бітіру қалай өтетіні туралы айтып берді.
«25 мамырда барлық түлектер үшін соңғы қоңырау соғылды. Бітіру іс-шаралары – бұл 11-сынып түлегі үшін оның ересек өмірге қадам басуындағы айтулы оқиға», - деп атап өтті Қайрат Жұманов.
Ол аттестаттарды салтанатты тапсыру 2022 жылғы 16-17 маусымда өтетінін хабарлады.
«Алматы қаласында аттестатты міндетті түрде күндізгі уақытта мектеп қабырғасында тапсыру дәстүрі қалыптасқан, оған мектептің педагогикалық ұжымы, түлектер, түлектердің ата-аналары, педагогикалық еңбек ардагерлері, Қамқоршылық кеңес мүшелері, Алматы қаласы білім басқармасының және басқа да мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері қатысады», - деп атап өтті спикер.
Қ.Жұманов түлектердің қайырымдылық бастамаларын - «Мектепке кітап сыйла», «Мектепке сый» - ағаш отырғызу, әлеуметтік осал отбасылар мен балаларға көмек көрсету үшін «Мейірімді жүректен – балаға», «Туған жерге тағзым» акцияларын қолдайтынын жеткізді.
Педагогикалық әдепті сақтау және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында мектеп бітіру іс-шараларына дайындық кезінде әрбір түлекке жеке көзқарас қағидаты сақталады; бітірушілердің ата-аналарымен қажетсіз шығындардың орынсыздығы туралы түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
Алматы қаласы білім басқармасы басшысының орынбасары мектеп бітіру кешіне қойылған тыйым туралы да еске салды. Сонымен, мыналарға жол берілмейді: іс-шараларды өткізуге аниматорларды, мерекелік агенттіктерді тартуға; мерекелік үстелдерді ұйымдастыруға; автомобильдерді жалға ала отырып, қала бойынша экскурсияларды өткізуге; Әкімшілік пен педагогтарға сыйлықтар үшін ақшалай қаржы жинауға; мейрамханалар мен кафелерде мектеп бітіру іс-шараларын ұйымдастыруға.