Алматыда жалпыұлттық дауыс беру процесін қамтамасыз ету үшін қандай шаралар қолданылғаны туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Алматы қаласы аумақтық референдум комиссиясының төрайымы Жанна Асанова мен орынбасары Айгүл Қалықова айтып берді.
«Қалада барлығы 574 учаске ұйымдастырылған, оның 67-сі арнайы мекемелерде – ауруханалар, санаторийлер, әскери бөлімдер. Сайлау комиссияларының барлық мүшелері каскадтық модель бойынша оқытудан өтті. Барлық сұрақтар бойынша сайлау учаскелеріне хабарласа аласыздар», – деді Ж. Асанова.
Спикерлер сондай-ақ дауыс беру тәртібі мен рәсімін түсіндірді. Мәселен, еліміздің басқа өңірлерінде тіркелген, бірақ осы күні Алматы қаласында жүрген азаматтар есептен шығару куәліктерін пайдалана отырып, өздерінің конституциялық құқығын пайдалана алады.
«Дауыс беру күні сайлаушылар жеке куәлікпен келеді, ал әскери бөлімдерде әскери билет көрсетіледі. Бұл жағдайда сіз тіпті электрондық құжаттарды пайдалана аласыз. Қазір адамдардың көпшілігінде eGov mobile мобильдік қосымшасы бар екені белгілі. Дауыс беру күні Алматыда болған, бірақ бастапқыда басқа өңірлерде тіркелген жері бойынша тізімге енген азаматтар да кез келген учаскеде алынған есептен шығару куәліктері бойынша дауыс беруге құқылы. Бүгінде 646 есептен шығару куәлігі берілген», – деді А. Қалықова.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін (денсаулық жағдайы бойынша немесе отбасының науқас мүшесінің күтіміне байланысты) үйде дауыс беру ұйымдастырылады. Ол үшін алдын-ала өтініш жазу керек. Мұндай өтініштер 5 маусымда 12.00-ге дейін қабылданады.
Еске салсақ, 5 маусымда сағат 7.00-ден 20.00-ге дейін Қазақстан Республикасының Конституциясына түзетулер бойынша жалпыұлттық референдум өтеді.