Алматы әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының директоры Тілеухан Әбілдаев Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Алматы қаласындағы медициналық сақтандыру туралы айтып берді.
Спикердің айтуынша, жоғары технологиялық операцияларды қаржыландыру 5,4 млрд теңгеге артты, сонымен қатар, биыл ЭКО процедураларына 3,2 млрд теңге бөлінді.
Журналистер алдында сөз сөйлеген Тілеухан Әбілдаев бүгінде Қор тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетінде медициналық қызметтерді қаржыландыруды жалғастырып жатқанын атап өтті.
«МӘМС енгізілгеннен бері Алматы қаласының денсаулық сақтау бюджеті едәуір артты. 2022 жылға нақтыланған бюджет 242,1 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 17,3%-ға артық», - деп хабарлады Алматы қаласындағы МӘМС қорының директоры.
МӘМС маңызды артықшылықтарының бірі ЭКО сияқты қымбат рәсімдерді қаржыландыруды арттыру болды. Мысалы, осы жылға 3152 қызметке 3,2 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Ағымдағы жылдың 4 айында жалпы сомасы 484 млн теңгеге ЭКҰ-ның 476 рәсімі өткізілді. Бүгінде медициналық сақтандыру аясында қаланың сегіз медициналық ұйымы экстракорпоралдық ұрықтандыруды жүзеге асыруда.
Тілеухан Әбілдаев ағымдағы жылдың 4 айында Қор МӘМС пакетінде Алматы қаласы бойынша медициналық көмекке төлеуге шамамен 54,9 млрд теңге бағыттағанын түсіндірді. Қаңтар-сәуір аралығындағы шығындардың басым бөлігі стационарлық медициналық көмекті төлеуге тиесілі, бұл 28,5 млрд теңгеден астам. Консультациялық-диагностикалық көмек көрсеткені үшін медициналық ұйымдарға тағы 11,4 млрд теңге төленді. Олардың ішінде ең көп сұранысқа ие КТ және МРТ.
МӘМС жүйесі аясында оңалту көмегіне 3,4 млрд теңге бағытталды. Спикер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу медициналық оңалтуды қаржыландыруды ұлғайтуға және оның қолжетімділігін едәуір арттыруға мүмкіндік бергенін атап өтті.