Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Алматы қаласы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының директоры Тілеухан Әбілдаев мәлім етті.

Ол Қор 2017 жылдан бастап міндетті медициналық сақтандыруға қаражат жинақтап келе жатқанын, ал 2018 жылдан бастап тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) шеңберінде, сондай-ақ 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап – міндетті медициналық сақтандыру жүйесі аясында медициналық көмекті стратегиялық сатып алушы екенін еске салды.

«2022 жылдың 5 айында МӘМС жүйесіне түсімдер 398,4 млрд теңгені құрады. Түсімдердің негізгі үлесін 15 жеңілдік санаты үшін мемлекеттің жарналары құрайды - бұл 42%-дан астам, жұмыс берушілердің аударымдары - 34,7%-дан астам және экономикалық белсенді халықтың жарналары - 22,6%», - деп атап өтті Т. Әбілдаев.

Өңірлер бойынша ең көп кірістер Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары мен Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарына тиесілі.

Спикер МӘМС-тің енгізілуімен тұрғындар үшін консультациялық-диагностикалық көмектің қолжетімділігі артқанын баса айтты.

Мегаполис тұрғындарына арнаған сөзінде Т.Әбілдаев медициналық ұйымдар тарапынан құқық бұзылған жағдайда кез келген қала тұрғыны пайдалана алатын кері байланыс арналарын атады. Атап айтқанда, Qoldau24/7 мобильді қосымшасы, 1406 бірыңғай байланыс орталығы және ресми сайт fms.kz. барлық өтініштер міндетті түрде қарастырылады.