Алматыда мектеп түлектері оқуға түсе алатын колледждерге 14 905 бюджеттік орын бөлінді. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 3500 орын қосылған. Алматы қалалық білім басқармасы техникалық және кәсіптік білім беру басқармасының басшысы Ерік Әбішаев ӨКҚ-да өткен брифингте оқуға қабылдау науқаны жүріп жатқаны туралы айтты.
Еске салсақ, Қазақстанда Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Тегін техникалық және кәсіптік білім» жобасы жүзеге асырылуда.
Қасым-Жомарт Тоқаев балаларды ерте кәсіптік бағдарлау бүгінгі таңда ерекше маңызды деп санайды. Оның айтуынша, өскелең ұрпақ болашақ мамандығын таңдауда саналы болуы керек.
Қалалық білім басқармасы барлық 2022 жылғы түлектерге болашақ білім траекториясын анықтау үшін колледждерге тапсырар алдында кәсіби диагностикадан өтуді ұсынады.
Кәсіби диагностикадан gz.bilimalmaty.kz сайтында өтуге болады.
«Биыл Алматының орта арнаулы оқу орындары мен лицейлеріне қабылдау науқаны 25 маусымнан 25 тамызға дейін жалғасады. Кешкі және сырттай оқуға құжаттарды қабылдау мерзімі 25 маусым мен 20 қыркүйек аралығында. Бұл ретте шығармашылық дайындықты қажет ететін мамандықтар бойынша оқуға құжаттар 20 шілдеге дейін, ал педагогикалық және медициналық мамандықтар бойынша 15 тамызға дейін қабылданады», — деді Ерік Әбішаев.
Мемлекеттік қолдаудың арқасында барлық талапкерлер тегін оқу мүмкіндігіне ие болды, ол үшін электронды үкімет пен gz.bilimalmaty.kz порталдары арқылы құжаттарын тапсыру қажет, сонымен қатар колледжге қабылдау жөніндегі техникалық хатшыларға жүгіне алады.
«Орта буын маманы біліктілігін таңдаған әрбір талапкердің төрт мамандық пен төрт колледжге дейін таңдау мүмкіндігі бар.
Мамандық таңдау кезінде gz.bilimalmaty.kz порталына тіркеліп, құжаттарды тікелей колледжге тапсыру қажет», - деп түсіндірді спикер.
Еңбек біліктілігіне түсетін тұлғалар үшін колледж кәсіптік жарамдылық бойынша әңгімелесуді ұйымдастырады, ал егер мемлекеттік тапсырыс бойынша орынға үміткерлер көп болса, сертификаттың орташа балы және квота санатының болуы басты мәнге ие болады.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Алматы қалалық Білім басқармасының техникалық және кәсіптік білім беру басқармасының басшысы Ерік Әбішаев бюджетке түсетіндер арасында конкурстық тестілеу мерзімін жариялады.
«Негізгі орта білім негізінде оқуға түсетін тұлғалар арасындағы конкурс 19-22 тамыз аралығында, жалпы орта білім беру базасында және ТжКБ базасында 22-25 тамыз аралығында өтеді. Өнер және мәдениет мамандығына түсетіндер үшін 29 шілде мен 2 тамыз аралығында іріктеу өтеді», - деді спикер.
Сондай-ақ, Алматы қаласындағы колледждерге түсу емтихандары педагогикалық, медициналық мамандықтар мен шығармашылық дайындықты қажет ететін мамандықтар бойынша өтетінін айта кеткен жөн.
Е. Әбішаев биылғы жылы бюджеттік орындар бөлінген салаларға тоқталды: «білім» - 900 орын, «өнер-гуманитарлық» - 950 орын, «әлеуметтік ғылымдар» - 25 орын, «бизнес, менеджмент және құқық» - 1000 орын, «ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» – 2058 орын, «машина жасау, өңдеу өнеркәсібі және құрылыс индустриясы» – 6158 орын, «ауыл, орман, балық шаруашылығы және ветеринария» – 160 орын, «денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру» – 1066 орын, «қызмет көрсету» –2588 орын.
Айта кетерлігі, биыл Алматыда 83 колледжге түсуге болады, оның 23-і мемлекеттік, 60-ы жекеменшік. Өткен жылдың қорытындысы бойынша мегаполис колледждерінде 19 230 білікті маман дайындалса, оның 10 278-і мемлекеттік тапсырыс бойынша. Барлық түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші 98 пайызды құрады.