2022 жылдың басынан бері Алматыда тұратын 10 500 мүмкіндігі шектеулі жан техникалық оңалту құралдарын алды, – деп хабарлады Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Данияр Әлкебайұлы.
Техникалық оңалту құралдарынан басқа Алматыда 5200 мүгедектігі бар адамдарға ымдау тілі мамандарының, жеке көмекшілердің көмегі түрінде әлеуметтік қызметтер көрсетіледі, сондай-ақ шипажайлық емделуге жіберілді. Әкімдікте инклюзивті қоғамды дамыту үшін барлық шаралар қабылдануда.
Спикердің мәлімдеуінше, қалада 53 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жан тұрады. Оның ішінде 18 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі балалар – 8151.
«Жеке оңалту бағдарламасының арқасында мүгедектер оңалтуға арналған техникалық құралдармен және әлеуметтік қызметтермен тегін қамтамасыз етіледі. Қажетті қаражатты «әлеуметтік қызметтер порталынан» өтінім арқылы алуға болады, жекелеген жағдайларда біз мемлекеттік сатып алу арқылы жеке іріктеуді талап ететін техникалық құралдарды сатып аламыз», - деп түсіндірді Д.Әлкебайұлы.
Брифинг барысында Данияр Әлкебайұлы Алматы қаласы әкімінің тапсырмасы бойынша «Инватакси» көлігінің саны 39 бірліктен 46 бірлікке дейін ұлғайтылғанын айтты. Бұл қызметті ай сайын 1500 ересек адам мен 357 мүмкіндігі шектеулі бала пайдаланады.
Алматыда қала басшысының бастамасымен «Инватакси» саны артады. Инватакси автокөліктерін 46-дан 100-ге дейін ұлғайту үшін жергілікті бюджеттен қосымша қаржы (244 млн.теңге мөлшерінде) бөлінді.
Қорытындылай келе, ведомство өкілі Алматыда мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімді ортаның қалай құратынын айтып берді. Қалада 2021-2023 жылдарға арналған нысандарға қолжетімділіктің кешенді жоспары жүзеге асырылып жатқанын еске салды. Осы кешенді жоспарға сәйкес бұл бағыттағы жұмыстар күшейтілді.