Бүгінде өрт сөндірушілердің жалақысы 113-тен 200 мың теңгеге дейін құрайды. Жалақыны көтеру жоспарда бар. Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Алматы қаласы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің басшысы Айдар Скабаев қызметке орналасу шарттары мен артықшылықтары туралы айтып берді.
Спикер ТЖ министрінің бұйрығына сәйкес ағымдағы жылдың 6 қаңтарында Алматы Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі жеке құрамының штат саны ұлғайтылғанын хабарлады.
ӨКҚ брифингінде Айдар Скабаев қазір 250-ден астам бос лауазымдар бар екенін, оның ішінде қатардағы және кіші басшы құрам, атап айтқанда өрт сөндірушілер мен жүргізушілер бар екенін айтты.
«Бізге қызметке жасы 18-ден кіші емес және жасы 35-тен үлкен емес, мерзімді әскери қызмет өткерген немесе ҚР заңнамасына сәйкес мерзімді әскери қызметке шақырудан кейінге қалдырылған Қазақстан Республикасының азаматтары түсе алады. Білімі орташадан төмен емес, яғни орта мектепті бітіргендер. Кәсіпкерлік қызметпен айналыспайтын және қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған. Азамат өзінің Жеке және іскерлік қасиеттері, дене дайындығы және денсаулық жағдайы бойынша өзіне жүктелген қызметтік міндеттерді орындауға қабілетті болуы тиіс», - деп түсіндірді Алматы қаласы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің басшысы Айдар Скабаев.
Азаматтық қорғау органдарындағы қызмет Мемлекеттік жұмысқа теңестірілген, ал өрт сөндіру бөлімінің қызметкері ретінде мемлекеттік бағдарлама бойынша тұрғын үй алу үшін кезекке тұруға болады.
Өрт сөндірушілер мен құтқарушылар тегін нысанды киіммен қамтамасыз етілген. Ал зейнетке шығу шекті жасқа 48 жасқа толғанда немесе кемінде 25 жыл жұмыс өтіліне жеткенде жүзеге асырылады.
«Жоғары білім болса мансаптық өсу арқылы офицерлік лауазымға аттестациялануға мүмкіндік бар», - деп қосты спикер.
Қызметке қабылдау бірнеше кезеңге бөлінеді. Біріншіден, ТЖМ органдарына түсуге өтініш білдірген кандидат туралы мәліметтер қарастырылады. Екіншіден, оның қызметке жарамдылығы тексеріліп, медициналық комиссияға жіберіледі. Үшіншіден, егер медициналық көрсеткіштер бойынша шектеулер болмаса, оны физикалық нормативтерден өтуге және әңгімелесуден өтуге жібереді.
Өрт сөндіруші лауазымына үміткерден кейін Көкшетау қаласындағы Мәлік Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау Академиясына бастапқы оқуға 35 күн, жүргізуші санаты бойынша 14 күн жіберіледі.
Оқу орталығының тыңдаушылары оқу кезеңінде бюджет қаражаты есебінен тамақпен және тұрумен, сондай-ақ 113-тен 117 мың теңгеге дейінгі жалақымен қамтамасыз етіледі.
Сондай-ақ, спикер 2022 жылғы 11 шілдеде «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер қабылданғанын, онда қатардағы және кіші басшы құрам лауазымдарына кандидаттардың тестілеу тапсыру және жеке қасиеттерін бағалау қысқартылғанын (2022 жылғы 11 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі) қосты.
«Қабылданған заңға сәйкес, азаматтық қорғау органдарының қатардағы және кіші басшы құрам лауазымдарына алғашқы кәсіби дайындыққа түсетін тұлғалар, орта басшы құрам лауазымдарына түсетіндерді қоспағанда, заңнаманы білуге арналған тестілеуді және жеке қасиеттерін бағалауды тапсырудан босатылады», – деп атап өтті Алматы қаласы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің басшысы Айдар Скабаев.
Азаматтық қорғау органдарындағы жұмыс туралы толығырақ Алматы қаласы, Қонаев көшесі, 132 мекенжайы бойынша орналасқан өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің кадр саясаты бөлімінен немесе 8 (727) 261-28-92 телефоны бойынша білуге болады.