Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің өкілі Гүлжайнат Тілеген коронавирусқа қатысты жағдай туралы айтты.

Оның айтуынша, коронавирустың жаңа нұсқаларына қарсы қорғану шаралары бұрынғысынша сақталады, мегаполис тұрғындарына вакцина мен қайта екпе алуды жалғастыру қажет.

Гүлжайнат Тілеген дәрігерлердің аурумен қалай күресетінін айтып берді.

"8 тамызда Алматыда коронавирустық инфекцияның 200 жағдайы тіркелді, оның ішінде 193 жағдай ауру белгісімен. Бүгінгі таңда қала стационарларында 123 науқас емделуде, барлығы 500 төсек-орын бар. Дәрігерлердің бақылауында 1 662 пациент бар", - деді Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының өкілі.

Г.Тілегеннің айтуынша, негізгі алдын алу шарасы коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинация және ревакцинация болып қала береді. Ол Алматыда халықты жаппай вакцинациялау өткен жылдың 2 сәуірінде басталғанын еске салды. Бүгінгі күні 88 вакцинация пункті жұмыс істейді, толық режимде 315 адамнан тұратын 99 егу бригадасы жұмыс істейді.

"Бүгінгі таңда препараттың бірінші компонентімен 1 241 540 адам, екінші компонентімен 1 207 511 қала тұрғыны егілді. Pfizer (Comirnaty) вакцинасымен 119 065 адам егілді, оның ішінде 4 684 жүкті әйел, 15 896 бала емізетін және 55 045 жасөспірім. 2021 жылғы 22 қарашада басталған ревакцинациядан кейін 606 513 адам қайта екпе алды", - деп жалғастырды ҚДСБ спикері.

Журналистердің сауалына жауап берген Алматы қалалық ҚДСБ өкілі Гүлжайнат Тілеген мегаполисте барлық вакциналар жеткілікті мөлшерде екенін айтты. Мысалы, «Синофарм» VeroCell вакциналары 52 658 мың, Qaz Vaс - шамамен 2 мың және Pfizer (Comirnaty) шамамен екі мың доза.

Қыркүйек пен қазан айларында Алматыға Qaz Vac 28 200 дозада және Pfizer (Comirnaty) 26 910 дозада түседі деп күтілуде. Соңғы препарат әсіресе жасөспірімдерге, жүкті және бала емізетін әйелдерге арналған.

Сондай-ақ ол үшінші вакцина, яғни ревакцинация не үшін қажет екенін еске салды.

"Вакцина алған адам өзін қауіп-қатерден қорғайды және ауруларды жеңіл түрде қабылдайды. Зерттеулер коронавирустық инфекциядан қорғаныс вакциналардың алғашқы дозаларын алғаннан кейін, әсіресе әртүрлі штамдардың басым болуына байланысты уақыт өте келе төмендей бастайтынын дәлелдеген. Біз бірнеше толқындарды, жаңа штаммдарды бастан өткердік. Көріп отырғанымыздай, вирус әрбір толқында әлсіреп, мутацияға ұшырайды. Екпе алған адамдар анағұрлым ауруға төзімді, иммунитеттің әлсіреуі екпеден алған соң 6-12 айдан кейін басталады. Вакцинадан кейінгі иммундық реакцияны күшейту үшін ревакцинация қажет", - деп түсіндірді ҚДСБ өкілі.

Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарламалары мен материалдарын тарату кезінде ӨКҚ - не сілтеме жасау міндетті.