Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Алматы қаласы еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Еркінбек Әмірғалиев мәлімдеді.

Ол басқарма еңбек жағдайлары мен жұмысшылардың жұмыс процесінде қауіпсіздігі саласындағы заңнама ережелерін, мысалы, жұмыс күнінің ұзақтығы, жалақы, еңбек қауіпсіздігі, балалар мен жасөспірімдердің еңбегін пайдалану және басқа да осындай мәселелер бойынша ережелерді қолдануды қамтамасыз етумен айналысатынын еске салды.

«Біздің басқарма заңды тұлға ретінде Әділет органдарында ағымдағы жылдың 15 маусымында тіркелді, дегенмен еңбек қатынастары саласындағы функциялар бұрын Алматы қаласының әлеуметтік әл-ауқат басқармасы шеңберінде ғана жүзеге асырылды. Еңбек инспекциясы басқармасын дербес мемлекеттік орган ретінде бөлу Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың нормаларынан туындайды, оған сәйкес егер еңбек инспекторларына басқа функциялар тапсырылса, онда соңғылары олардың негізгі функцияларын жүзеге асыруға кедергі келтірмеуге және инспекторлардың кәсіпкерлермен және қызметкерлермен қатынастарында қажетті беделіне немесе бейтараптығына қандай да бір түрде нұқсан келтірмеуге тиіс, яғни еңбек инспекциясының қызметінде мүдделер қақтығысына жол берілмейді», - деп Еркінбек Әмірғалиев жаңа басқару себебін түсіндірді.

Жыл басынан басқарма қызметкерлері азаматтардың еңбек құқықтарын қорғауға бағытталған 320 жоспардан тыс тексеру жүргізді. Тексеру барысында еңбек заңнамасы нормаларының 390 бұзушылықтар анықталды, заңдылықты бұзушылықты жою туралы 220 нұсқама берілді.

24,2 млн теңгеге 179 заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды (86 заңды тұлғаның еңбек ақысын уақтылы төлемегені үшін 18 млн теңге төленді). Жеке және заңды тұлғалардың 3 136 өтініші қаралды.

Жалақы бойынша 212 кәсіпорында 300,8 млн теңгеге берешек өтелді, осылайша 642 қызметкердің еңбек құқықтары қорғалды.

Сондай-ақ ол жыл басынан бері өндіріспен байланысты 59 жазатайым оқиға тіркелгенін хабарлады. Зардап шеккендер саны – 70, оның ішінде қайтыс болғаны – 6 адам, ауыр дәрежедегі жарақат алғандар –21 адам, жеңіл дәрежедегі жарақат алғандар – 43 адам.

Еңбек заңнамасының нормаларын түсіндіру бойынша қала кәсіпорындарында 2 236 адамның қатысуымен 87 кездесу өткізілді.

Алматы қаласының өңірлік коммуникациялар қызметі