Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының тең мүмкіндіктер бөлімінің басшысы Аманат Сұлтанғазиев Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында сөйлеген сөзінде мүгедек азаматтарды қолдау туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылы Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүгедек азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында мүгедек адамдар мен олардың отбасыларына ақпараттық, консультациялық, заңгерлік және психологиялық қолдау көрсететін, жұмысқа орналасуға жәрдемдесетін "Ten Qogam" әлеуметтік қолдау орталығының тұжырымдамасын әзірледі. Бұл жоба еліміздің барлық өңірлерінде жүзеге асырылуда.
Қазақстандағы алғашқы "Ten Qogam" орталығы Алматыда 2020 жылдың мамыр айында ашылды. Бұл Орталық Жандосов көшесі, 10 мекенжайында орналасқан. Ағымдағы жылдың басынан бері мүгедектігі бар 1 768 адамға қызмет көрсетілді.
Биыл Сәтбаев көшесі, 37а мекенжайы бойынша есту қабілеті бұзылған адамдар үшін жеке орталық ашу туралы шешім қабылданды.
Аманат Сұлтанғазиев орталықтың сурдотехникалық құралдармен қамтамасыз етілгенін, онда ересектер де, балалар да көмек ала алатынын айтты.
"Жыл басынан бері мүгедектігі бар 23 мың алматылық техникалық оңалту құралдарымен және әлеуметтік қызметтермен қамтамасыз етілді. Жеке оңалту бағдарламасын 85% - ға дейін орындау жоспарлануда", - деді ӨКҚ спикері.
Айта кетейік, сурдологиялық көмекке мұқтаж 1282 адамның 970-і қамтамасыз етілген, Ымдау тілі маманының қызметтерін есту қабілеті бұзылған 760 адам пайдаланады. Орталық сонымен қатар адамдарға сурдологиялық көмек алуға көмектеседі.