Алматыда жылу беру маусымы қалыпты өтуде, бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде «Алматы жылу желілері» ЖШС («АлТС» ЖШС) бас инженері Данияр Қазымбетов айтты.

Еске салайық, мегаполисте жылыту маусымы 17 қазанда басталған болатын. Коммуналдық мекемелер 8467 көпқабатты тұрғын үйді, 216 мектепті, 197 балабақшаны, 129 аурухананы тексеріп, жылыту маусымы басталмас бұрын алдын ала дайындық жұмыстарын жүргізді.

«Қазір жылыту маусымы қалыпты жағдайда өтуде, температуралық және гидравликалық режимдер кестеге сәйкес сақталуда», - деді Д.Қазымбетов.

Коммуналдық қызмет мәліметі бойынша, 2022-2023 жылдардағы жылу беру кезеңінде 1352,33 км жылу желілері алдын ала дайындалды. Оның 60%-ның тозығы жеткен(811,5 км) (25 жылдан астам уақыт пайдаланылған). Биылғы жылы 4,7 шақырым жылу желілері қайта жаңғыртылды. Жылу желілерін реконструкциялау есебінен, олардың тозуын 0,3%-ға дейін төмендетуге қол жетті. 2023 жылы 17,2 шақырым жылу желілерін реконструкциялау жоспарланып отыр.

Айта кету керек, жылыту маусымы басталғалы «АлТС» ЖШС жоғары дайындық режиміне көшті. Жөндеу жұмыстарына тәулік бойы жұмыс істейтін 4 жедел бригада (98 адам), 12 жөндеу бригадасы (139 адам) жұмылдырылған. 64 бірлік арнайы техника осы іске тартылған.

Журналистердің сұрақтарына жауап берген Данияр Қазымбетов Алматы тұрғындарының «Алматы жылу желілеріне» шамамен 1,3 млрд теңге қарыз екенін айтты.

Сондай-ақ брифингте «Алматы электр станциялары» АҚ («АлЭС» АҚ) бас инженері Ғазиз Исмұхамбетов сөз сөйлеп, жұмыста ауытқуларға жол бермейтінін, 30 күнге жететін жылу (отын) қоры (норматив бойынша 20 күн) барын айтты. Газға қатысты да ешқандай мәселе жоқ.