«Жасыл ел» республикалық бағдарламасының мегаполисте қалай жұмыс істейтіні Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды. «QAMQOR CHARITY» қоғамдық қорының төрайымы, Алматы қаласы әкімі жанындағы жастар кеңесінің мүшесі Бағдат Анарбаева және Жастар саясатын дамыту мемлекеттік қоры директорының міндетін атқарушы Әзиз Қажденбек спикер ретінде қатысты.
«Жасыл ел» бағдарламасы 16-дан 29 жасқа дейінгі жастарға арналған. Ол жазғы уақытта жастардың басын біріктіреді және әлеуметтік әрі экологиялық жобаларды жүзеге асырады.
«Бүгін біз жастар үшін өте маңызды және пайдалы жоба туралы айтып отырмыз. Бұл бағдарлама көп жылдар бойы жұмыс істеп келеді және жыл сайын жазғы кезеңде студенттерге жұмыс табу және аз да болса табыс табу табу мақсатында қолдау көрсетеді. Сонымен қатар, қаламыздың көркейіп, көгалдандыруына септігін тигізеді», - дейді Б.Анарбаева.
Жалпы, аталған бағдарлама аясында барлық кезеңінде 20 мыңнан астам студент пен жұмыссыз жастар жұмысқа орналастырылды.
«Биыл 3 мыңнан астам жас бұл қатарға өтуге ниет білдірген. Биылғы жылы бағдарлама аясында квота 1900 орынды құрады. Біз оны толықтай қамтыдық», - деп толықтырды Ә.Қажданбек.
Бағдарлама аясында жастар тек экологиялық акцияларға ғана емес, сонымен бірге, ірі ауқымды шараларға қатысты. Биыл «Табиғатты бағалайық» челленджі іске қосылды, жастар эко-акцияларға қатысты.
«Жасыл ел» мүшесі болу оңай, ол үшін оның кеңсесінде тіркелу қажет. Биыл бұл жобаны Жастар саясатын дамыту мемлекеттік қоры жүзеге асыруда.
Брифинг соңында спикерлер бұл жобаға жастар арасында сұраныстың өте жоғары екенін атап өтті. Олар жастардың қосымша табыс табуына мүмкіндіктері болуы үшін «Жасыл елді» жазда ғана емес, сабақ уақытында да дамытуды жоспарлап отыр. Келесі жылы жалақыны көтеру жоспарлануда.
Барлық қызықтырған сұрақтар бойынша Байтұрсынов,22 1-корпус мекен жайы бойынша жүгінуге болады.