Қоғамдық бақылаушылардың басты мақсаты – жастардың сайлау процесіне қатысу белсенділігін, олардың саяси сауаттылығын арттыру. Сондықтан да«Ел Ертеңінің» құрамына бұрын бақылаушы болмай тұрып, алдын ала осы іске дайындалған жастар енді.

Саясаттанушы, тарихшы, саяси белсенді Талғат Жанысбай олардың тәуелсіз бақылаушылары 531 сайлау учаскесін қамтығанын айтты. Осы сағатқа дейін сайлау заңнамасын бұзу фактілері анықталған жоқ.

«Біз тәуелсіз бақылаушылар ретінде бірінші рет шығып отырған жоқпыз. Биылғы жылы әлеуметтік желілер мен БАҚ арқылы барлық белсенділерді командамызға қосылуға ашық түрде жариялап, шақырдық. Бүгінгі сайлау – ел болашағын айқындайтын оқиға», – деді Талғат Жанысбай.

«Ел Ертеңі» құрамындағы әрбір бақылаушы сайлауға бір ай қалғанда сайлау заңнамасының негіздерін, азаматтық қоғаммен өзара әрекеттесу формалары мен әдістерін, сондай-ақ сайлау заңнамасын бұзғаны үшін қандай жауапкершілік көзделетінін біліп, зерттеді.

Блогер, журналист Анастасия Ульченко қала тұрғындарын күн аяқталғанша сайлау учаскелеріне келіп, дауыс беруге шақырды.

«Тәуелсіз бақылаушы болған себебім, сайлау барысына күмәнмен қарайтын адамдарға әділдік бар екенін, сайлаудың қалай өтетінін көрсету болды», - деді блогер.

Еске салайық, бүгінде Алматыда 600 сайлау учаскесі бар. Сайлауды 3 мыңнан астам жергілікті және 43 халықаралық байқаушы бақылайды.