Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі брифингінің барысында АИТВ эпидемиясын бақылау бойынша Алматылық моделі жобасының директоры, Колумбия университеті жанындағы ICAP Мира Сауранбаева хабарлады.
«Аталған жоба АИТВ-мен күрес жөніндегі «Қалалар-модельдер» RADIAN Элтон Джон қорының ауқымды бастамасының аясындағы алғашқы жоба болып отыр. Оның мақсаты – қаланың барлық тұрғындарына стигматизациясыз және кемсітусіз АИТВ-инфекциясының тиімді алдын алу, тестілеу және емдеуге кедергісіз қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін тұрақты, кешенді және тиімді қалалық бағдарлама құру», - деді М.Сауранбаева.
Жоба қала әкімдігімен, Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасымен, ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығымен және үкіметтік емес ұйымдармен тығыз серіктестікте жұмыс істейді.
Жоба аясында заманға сай ақпараттық технологиялар мен құпиялық сақтаудың принциптерін қолдана отырып, АИТВ-ға тестілеуге тапсырыс берудің онлайн заманауи әдіс-тәсілдері жүзеге асырылуда. Патронажды мейірбике күтімі моделі де іске асырылуда. Оның мақсаты - антиретровирустық терапия алатын АИТВ-мен өмір сүретін егде жастағы адамдарды емдеу нәтижелерін жақсарту.
«2021 жылдан бастап қалада тек Қазақстанда ғана емес, Шығыс Еуропа мен Орталық Азия өңірлерінде байланысқа дейінгі алдын алу бағдарламасы сәтті жүзеге асырылуда. Үйрету турларының аясында ЖИТС орталығының қызметкерлері мен ҮЕҰ Қырғызстаннан, Тәжікстаннан, Ресейден және Қазақстанның басқа аймақтарынан келген әріптестерімен өзара әрекеттесу тәжірибесімен бөлісті», - деп жалғастырды ӨКҚ брифингіне қатысушы.
Жобада әртүрлі цифрлық технологиялар белсенді түрде қолданылады: байланысқа дейінгі алдын алуда дәрі-дәрмек алу үшін дәрігерге бару туралы автоматты SMS ескертулер, серіктестер хабарламаларының баламалы түрлері, әлеуметтік желілерде, мессенджерлерде ақпараттандыру кеңінен қолданылады. «Пациент мектебі» Telegram боты» әзірленді, онда емделушілер дәрігерге, психологқа, кеңес берушіге сұрақтар қойып, АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға арналған өзара көмек көрсету тобының онлайн чатына қосыла алады. Жоба жүзеге асырылған екі жыл ішінде қоғамдық ұйымдардың күшімен халықтың негізгі топтарының 6 мыңнан астам өкілі түрлі профилактикалық, әлеуметтік және құқықтық қызметтермен қамтылды.
Алматы моделінің тәжірибесі Канаданың Монреаль қаласында өткен ЖИТС бойынша 24-ші Халықаралық конференциясында және Испанияның Севилья қаласында «FAST-TRACK CTIES 2022: ЖИТС эпидемиясының аяқталуы жолында» конференциясында таныстырылған.