Мектепке дейінгі білім беру саласындағы басты мәселе – балабақшалардағы орын тапшылығы. Бүгінгі күні 1-6 жас аралығындағы 42 460-тан астам бала, 3-6 жас аралығындағы 18 865 бала кезекте тұр. Бұл туралы Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы қаласы Білім басқармасының мектепке дейінгі білім беру бөлімінің басшысы Әлия Сағиева мәлім етті.
Білім басқармасының мәліметінше, қазіргі таңда қалада 77261 баланы қамтитын 910 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді, оның ішінде 193 мемлекеттік (39 214 бала) және 717 жекеменшік (38 047 бала). 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту – 71,9%, 3-6 жас – 92,9% құрайды.
«Мектепке дейінгі ұйымдарда кезектің ұзақ болуына, ішкі көші-қонның жүруіне және жыл сайын туу көрсеткішінің артуына байланысты мектепке дейінгі ұйымдардағы орындарға деген қажеттілік өте өзекті болып қала береді. Осы орайда Алматы қаласы әкімдігі мемлекеттік балабақшаларды ашу бағытында ауқымды жұмыстар атқарып жатыр», – деді Ә.Сағиева.
Баяндамашы 2022-2024 жылдар аралығында 16 мыңнан астам орынға 188 жекеменшік балабақша (2022 жылы – 6 мың орынға 60 балабақша, 2023 жылы – 4950 орынға 71 балабақша, 2024 жылы – 5540 орындық 57 балабақша) ашу жоспарланып отырғанын атап өтті.
Сонымен қатар, 2022 жылы кезекте тұру мәселесін кезең-кезеңмен қысқарту және балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамтуды арттыру мақсатында Жас Қанат ықшам ауданында 280 орындық балабақша салынуда, сондай-ақ Жетісу ауданында 280 орындық балабақша сатып алынды. 2023 жылы Әуезов ауданында 720 орындық 3 балабақша салу, 240 орындық балабақша сатып алу жоспарлануда. 1380 орындық 5 балабақшаның құрылысы 2024 жылға жоспарланған. 600 орындық тағы 2 балабақшаның құрылысы 2025 жылға жоспарланған.
Сонымен қатар, журналистердің сұрақтарына жауап берген Ә.Сағиева қаладағы мектепке дейінгі ұйымдарда мамандар тапшылығы мәселесін де атап өтті.
«Тәрбиешілер тапшылығы шамамен 35-40 пайызды құрайды, оның ішінде мамандандырылған мектепке дейінгі білім беру ұйымдары бар, сонымен қатар логопед, дефектолог, музыкалық жетекші, медбике, есепші, тәрбиеші көмекшісі сияқты мамандар қажет», - деді Ә.Сағиева.
Сонымен қатар, оның айтуынша, қаланың орталық аудандарында балабақша салуға жер тапшылығы да өзекті мәселе болып отыр. Бұл жағдайға жеке мектепке дейінгі ұйымдардың мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында жұмыс істейтін бюджеттік қаражатты жалған есеппен толтыру, басқа өңірлерде тұратын балаларды балабақшаға жолдама алу салдарынан игеріп алуы да кері әсерін тигізуде.