Бұл туралы Алматы қаласының Еңбек және әлеуметтік қорғау департаменті басшысының орынбасары Асқар Аймағамбетов Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде айтты.

ҚР Президенті тапсырғандай, ата-аналар балаларының ең маңызды кезеңі - сәби кезінде олардың жанында ұзағырақ бола алады.

Бірінші, екінші және үшінші бала туған кезде 131 100 тг (38 АЕК); төртінші және одан да көп балаға 217 350 тг (63 АЕК) төленеді.
Ал егер егіз (үшем және т.б.) туған жағдайда біржолғы туу жәрдемақысы әр балаға төленеді және оның мөлшері туу тәртібіне байланысты.

Асқар Аймағамбетов Мемлекет басшысы 2022 жылғы қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдауында бала күтімі бойынша жәрдемақы төлеу мерзімін ұлғайтуды тапсырғанын еске салды. 2023 жылғы қаңтардан бастап Қазақстанда бала күтімі бойынша жәрдемақы төлеу мерзімі 1,5 жасқа толғанға дейін ұлғайды (бұрын бір жасқа дейін төленген), ол мыналарды құрайтын болады:

  • бірінші балаға – 19 872 тг (5,76 АЕК);
  • екінші балаға – 23 495 тг (6,81 АЕК);
  • үшінші балаға – 27 083 тг (7,85 АЕК);
  • төртінші және одан да көп балаға – 30 705 тг (8,9 АЕК).

«Жұмыс істейтін аналарға бала күтіміне байланысты үйінде отырып табысынан айырылған жағдайда төленетін ай сайынғы әлеуметтік төлем де мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 1,5 жылға дейін ұзартылады және оның мөлшері бала туғанға дейінгі соңғы 24 айда әлеуметтік аударымдар жүргізілген орташа айлық табыстың 40%-ын құрайды», - деп хабарлады ӨКҚ спикері.

Мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға, қамқоршыларға мемлекеттік жәрдемақы КД мөлшерінен 1,4 көлемінде төленеді. 2023 жылғы қаңтардан бастап бұл жәрдемақының мөлшері 56 794 теңгені құрайды.

I топтағы бала кезінен (яғни 18 жастан асқан) мүгедектігі бар адамға күтім жасайтын адамдарға берілетін жәрдемақылар 2023 жылғы қаңтардан бастап 56 794 теңгені (КД-нен 1,4) құрайды.

«Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы мөлшері 22 080 теңгені (6,4 АЕК) құрады.

Өзімен бірге тұратын төрт және одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар көпбалалы отбасыларға 2023 жылғы қаңтардан бастап тағайындалған жәрдемақы мөлшері:

  • төрт балаға – 55 304 тг (16,03 АЕК);
  • бес балаға – 69 138 тг (20,04);
  • алты балаға – 82 973 тг (24,05);
  • жеті балаға – 96 807 тг (28,06);
  • сегізінші және одан да көп балаға – әр балаға 13 800 теңгеден – 4 АЕК.