Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы Әсел Буденеева «Инвестицияға айырбас тарифі» тұжырымдамасының артықшылықтары туралы айтты.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында елімізде электрмен жабдықтау желілерінің үштен екісі, жылу коммуникацияларының 57 пайызы және сумен жабдықтау желілерінің жартысына жуығы тозығы жеткенін айтты. Тарифтерді жасанды шектеу электр жарығын сөндіруге, жазатайым оқиғаларға, соның салдарынан азаматтардың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіреді. Монополиялық нарықтарда «Инвестицияға айырбас тарифі» жаңа тарифтік саясатына көшу қажет.
Президенттің тапсырмасын орындау мақсатында монополистермен тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Әсел Қорғанбайқызының айтуынша, қалада табиғи монополиялар мен негізгі қорлар желілері субъектілерінің тозуы айтарлықтай жоғары. Сумен жабдықтау және су бұру салаларында 50%-дан астам, жылу және электрмен жабдықтау салаларында 60%-дан астам. Алдын ала мәліметтер бойынша, 2029 жылға қарай желінің тозуын 15%-ға азайтуға қол жеткізу жоспарлануда.
Спикер тарифке әсер етуді бағалау салаға байланысты екенін түсіндірді, мысалы, сумен жабдықтау және су бұру салаларында, тарифке қосымша инвестициялардың үлкен әсері болады деп болжанған, өйткені «Алматы су» МКК ШЖҚ тарифтері тек Алматыда ғана емес, бүкіл Қазақстан бойынша ең төменгілерінің қатырында болып отыр.
Сонымен бірге оған қондырғылар мен желілердің тозуы, жүргізілетін жұмыстардың қиындығы (жөндеу және реконструкция), салалар бойынша жұмыстар мен материалдардың нарықтағы бағалары да әсер етеді.
«Қазіргі уақытта жылумен жабдықтау және суды тазарту салаларында бір шақырым желіні жөндеудің құны электр энергиясын тасымалдау саласына қарағанда әлдеқайда жоғары екенін байқап отырмыз. Осылайша, әрбір саладағы тарифке жеке әсер етеді. Жүргізіліп жатқан реформалардан максималды нәтиже алу үшін бірқатар мемлекеттік монополистерді бір органға біріктіруді көздейтін монополистердің қызметін реттеу тәсілдерін өзгерту қажет, бұл операциялық шығындарды оңтайландырады және инвестициялық тартымдылықты арттырады; – деді Ә.Буденеева.
Осылайша, жылу және сумен жабдықтау, су бұру жүйелерін дамыту үшін қаржыландырудың нарықтық тетіктеріне тиімді көшу арқылы бюджеттік субсидиялардан кезең-кезеңімен бас тарту қажет.
Бұл шараларға шығындарды оңтайландыру, инвестициялық тартымдылықты арттыру және тарифтер деңгейін қайта қарау арқылы қол жеткізілетін болады.
Желілердің тозуын азайту және инвестицияларды тарту бойынша қабылданған шаралардың күтілетін нәтижесі желілердегі нормативтік ысыраптарды, жоспардан тыс үзілістер мен апаттар санын азайту, жаңартылған объектілердің қызмет ету мерзімін ұлғайту, үздіксіз қызмет көрсетуді қамтамасыз ету болып табылады.
Тұтастай алғанда, тарифтердің негізсіз өсуіне жол берілмейді, тарифтердің өзгеруінің әрбір жағдайы үшін әлеуметтік-экономикалық жағдайды ескере отырып, монополистердің қызметіне жеке бағалау жүргізілетін болады.