Оңтүстік астанада 2022 жылы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен көрсетілген қызметтерге 117,3 млрд теңге жұмсалды. Бұл туралы бүгінгі брифингте Медициналық сақтандыру қорының Алматы қалалық филиалы директоры Тілеухан Әбілдаев хабарлады.
Айтуынша, жыл сайын медициналық сақтандыру есебінен кардиохирургия, нейрохирургия, урология, травматология, онкология, хирургия және тағы да басқа профильдер бойынша жүздеген операция жасалып жатыр. Осындай бір ғана күрделі отаның құны орта есеппен бірнеше миллион теңгеге жетіп жығылады.
«Мысалы, 2022 жылы Алматы қаласында 1539 кардиохирургиялық операция жасалып, оған 7,1 млрд теңге төленген. Сонымен қатар, 2,7 млрд теңгеге 534 нейрохирургиялық ота жасалған. Тағы 2,2 млрд теңгені МСҚ лор-профилі бойынша жасалған 330 операцияға жұмсады», - дейді Тілеухан Әбілдаев.
Бүгінде артроз, артрит сынды буын ауруларының көбеюіне байланысты тізе, жамбас буындарын алмастырушылар саны күрт артып отыр. 2022 жылы алматылық травматологтар осындай 4 270-тен астам операция жасады. Оған МСҚ 5,6 млрд теңге төледі, дейді филиал басшысы.
Сонымен қатар жалпы құны 476 млн теңгеден асатын 64 трансплантация жасалған, оның ішінде 27 бүйрек-бауыр алмастыру операциясы да бар.
«Бір қарағанда, мұның бәрі жай ғана цифр болып көрінуі мүмкін. Шын мәнінде, сақтандырылған азаматтардың қалтасынан шығатын шығын едәуір қысқарып, олар осынша қызметті тегін пайдаланып отыр», - деп қорытты Тілеухан Әбілдаев.