Жыл басынан бері Алматы қаласының полицейлері есірткінің ірі партиясын тәркіледі, оның ішінде 7 келісі - синтетикалық есірткі. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Алматы қаласы ПД-нің арнайы өкілі Салтанат Әзірбек мәлімдеді.
Департамент мәліметі бойынша, жыл басынан бері Алматыда 205 есірткі қылмысы анықталды және есірткі сатуға қатысты 35 деректің жолы кесілді.
«Осылайша, жалпы сомасы 187,5 млн теңгені құрайтын 30 000 доза әлеуетті тұтынушыларға жетпей қалды. Бұл ретте «синтетика» шығаратын 3 есірткі зертханасы жойылды. Есірткі қоймасын ұйымдастырудың 2 дерегі және құрамында есірткісі бар өсімдіктерді өсірудің 1 дерегі анықталды», - деді С.Әзірбек.
Сондай-ақ, департаментте синтетикалық есірткіні онлайн сату мәселесіне ерекше назар аударып отыр.
Жыл басынан бері полицейлер 27 есірткі бетбелгісін қоюшыны ұстады, есірткі тарататын және жарнамаланатын 73 интернет-ресурс анықталды. Соңғылары туралы ақпаратты одан әрі бұғаттау үшін «Кибернадзорға» жіберілді.
«Наркостоп» қозғалысының еріктілерінің белсенді қатысуымен есірткінің таралуы туралы ақпаратты қамтитын 1 мың 500 граффити жазуы табылды және бояу арқылы жойылды.
«Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды немесе сол тектестерді, прекурсорларды заңсыз жарнамалағаны үшін ҚК-тің 299-бабы 1-1-бөлігімен 1 адам жауапкершілікке тартылды», - дейді спикер.
Алматыда жыл басынан бері 300-ге жуық профилактикалық іс-шара жүргізілді. Нарколог-дәрігерлермен бірлесе, ақпараттық жұмыс жүргізуге баса назар аударылды.
Осыған орай, Полиция департаменті мен Алматы қаласының білім Басқармасымен жалпы білім беретін мектептер мен колледждерде тақырыптық дәрістер, тренингтер, семинарлар өткізу меморандумға қол қойылды.