12 мамыр - мейірбике ісінің мамандары өздерінің кәсіби мерекелерін атап өтеді. Мереке қарсаңында Алматының Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Денсаулық сақтау ардагері Гүлшара Урмурзина сөз сөйледі.
Бұл күн Халықаралық Қызыл Крест комитетінің шешімімен мейірбике ісінің негізін қалаушы әйгілі ағылшындық Флоренс Найтингейлдің туған күніне орай таңдалды. Жыл сайын Халықаралық Мейірбикелер кеңесі келісе отырып, өз ұрандарын таңдайды. Биылғы жылғы мереке "Медбикелер – мамандықтың болашағы" ұранымен өтеді.
"Медбикелердің денсаулық сақтау саласының дамуына қосқан үлестері орасан зор. Корифейлер медбикенің үш қабілетке ие болуы керектігін бекер айтпаған. Біріншісі - кәсібилік, екіншісі - техникалық ептілік, үшіншісі - шынайылық. Мейірбике иығына түсетін барлық жауапты жұмысты орындай алуы қажет. Қарапайым жұмыстан бастап операция жасайтын хирургтың көмекшісі ретінде өте күрделі манипуляцияларға дейін білуі керек", - деп бөлісті өз ойын Г.Урмурзина.
Медициналық мекемелердегі жұмыстың үлкен және жауапты бөлігі медбикелердің мойнында. Спикердің айтуынша, олар кез-келген медициналық мекемедегі таптырмас қызметкерлер боп саналады.
"Дәрігерлерге медбикелердің көмегі әрқашан қажет. Мен алғаш балалар клиникалық ауруханасының бас дәрігері болып жұмыс істегенімде, бас медбике Абабкова Майя Александровна болды. Мен одан көп нәрсені үйрендім. Ол барлық дәрігерлермен, орта медицина қызметкерлер және техникалық қызметкерлермен тіл табыса алатын. Бізге күнделікті, сағат сайын, минут сайын қажет адамның бірі осы кісі болатын. Денсаулық сақтаудың қай саласында болмасын, өз үлесін қосқан медбикелерімізді мақтан тұтамын. Барша мейірбикелерді төл мерекелерімен құттықтаймын!", - деп қорытындылады.
Айта кетсек, Г.Урмурзинаның басшылығымен Алматыда алғаш рет балалар стоматикалық санаторийлері, аралас емханалар, мейірбикелік күтім ауруханасы, перинаталдық орталық, Адам ұрпағын өрбіту орталықтары ашылды. Алматы қаласының перзентханаларында ана мен баланың бірге болу жүйесі енгізілді. Емдеу мекемелерінің материалдық базасын дамытуға және нығайтуға, жұмыс пен кадрлар даярлаудың жаңа нысандары мен әдістерін енгізу үдерістеріне үлкен үлес қосты.
Гүлшара Урмурзина "Ұлттық Медициналық Ассоциациясы" Республикалық қоғамдық бірлестігінің жоғарғы наградасы – "Алтын Дәрігер" төсбелгісінің және "Ave Vitae"орденінің иегері. Осы уақытқа дейін Республикалық деңгейлерде қоғамдық жұмыстарға белсенді атсалысып, Алматы қаласының қоғамдық-саяси өміріне бейжай қарамайтын үлкен жүректі маман.