Алматыда жаз мезгілі таяп, қала тұрғындары су жылынуын күтпестен шомылу маусымын бастап кетті.
Осы ретте қалалық құтқарушылар судағы қауіпсіздікті сақтауға шақырып, жауапсыздықтың арты ауыр зардаптарға әкеп соғатынын ескертті. Өткен жылы күшейтілген профилактикалық шаралар нәтижесінде қала су айдындарында адам өліміне жол берілмеді, 17 адам құтқарылды, оның ішінде 6-ы бала (Сайран көлінде). ӨКҚ брифингінде Алматы қаласы ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Әнуар Юсупов өз ұсыныстарын айтты.
«Алматы қаласы мен тау бөктеріндегі аймақтарда 44 су қоймасы бар. Бұл өзендер, көлдер, арналар, тоғандар, оның 12-сі суға түсу маусымында тұрғындарға қауіп төндіреді», - деп хабарлады Ә. Юсупов.
Судағы жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында Департаментпен полиция қызметкерлері, ҚР ҰК әскери қызметшілері, құтқару қызметінің және РҚЖҚ құтқарушылары, сондай-ақ еріктілермен бірлесіп рейдтік іс-шаралар жүргізеді.
«Біз су айдындарындағы қоғамдық тәртіпті бұзғандардың барлығын әкімшілік жауапкершілікке тартамыз. Мәселен, өткен жылы әкімшілік кодекстің 440-бабы бойынша 63 адамға жалпы сомасы 790 мың теңге айыппұл салынды», - деп қосты ол.
Қазіргі уақытта Департамент БАҚ арқылы ауқымды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, барлық білім беру және денсаулық сақтау нысандарында, халық көп шоғырланатын орындарда (СОО, СҮ, ХҚКО, вокзалдар, метрополитен, кинотеатрлар), сондай-ақ Алматы қаласының жолдары бойында орналасқан смартбордтар мен LED – экрандарда бейнероликтер көрсетілімдері белсенді жүргізілуде. Сайран көлінің бойындағы (батыс және шығыс) және Қонаев қаласына шығатын жолдағы билбордтарда «Судағы қауіпсіздік» тақырыбында электронды баннерлер орнатылды.
ТЖД мәліметінше, Алматыда балаларды жүзу дағдыларына үйрететін 56 жүзу бассейні бар (оқу мерзімі 3 ай). Сонымен қатар, қаланың жалпы білім беретін мектептерінің 6 бассейнінде оқу-жаттығу жұмыстары жүргізіледі. Бүгінгі таңда 6 мыңға жуық бала оқытылды. Жүзуді үйрету балалардың судағы қауіпсіздік ережелерін білу деңгейін арттырады.
Сонымен қатар қалада «Даму бала» бағдарламасы іске қосылып, онда 3500 жуық бала жүзуден тегін оқуға жазылды.
Құтқарушы қала тұрғындары мен қонақтарын су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін сақтауға, сондай-ақ тыйым салынған жерлерде суға түспеуге шақырды. Суға түсу маусымында суға түсуге тыйым салынған жерлерде 70 «Суға шомылуға болмайды» белгісі, сондай-ақ 11 ақпараттық стенд орнатылды.