Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің ақпаратына сәйкес қала және тау бөктеріндегі аудандарда барлығы 44 су айдыны бар, олардың 12-сі шомылу маусымы кезінде халыққа қауіп төндіреді. Су айдындарындағы қауіпсіздікке байланысты мәліметтермен Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері, капитан Сұлтанов Есбол Мирасұлы бөлісті.
Департаментпен тұрақты негізде жүргізілетін профилактикалық жұмыстар нәтижесінде, бүгінгі таңда қала су айдындарында адам өліміне жол берілмеген. Жыл басынан бері республика бойынша 141 адам суға батып кетті, оның 39-ы балалар.
"Судағы жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында Департамент полиция қызметкерлерін, Республикалық жедел-құтқару жасағы құтқарушыларын, сондай-ақ еріктілермен бірлесіп, рейдтік іс-шаралар жүргізуде. Бүгінгі таңда 390-нан астам рейд жүргізіліп, 3800-ден астам жадынама таратылды", - деді спикер.
Рейдтерді жүргізу барысында суға түсуге тыйым салынған орындарда жағдайды бақылайтын ескерту машиналары мен ұшқыш дрондар пайдаланылады.
"Жыл басынан бері жалпы су пайдалану ережелерін бұзғаны үшін ескерту түрінде 18 бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Алкогольді ішімдіктерді ішкені немесе қоғамдық орындарда мас күйінде пайда болғаны үшін үш тәртіп бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Су айдындарында қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін жалпы сомасы 150 мың теңгеге алты адам жауапкершілікке тартылды", - деп атап өтті Е. Сұлтанов.
Брифингте сөз алған азаматтық қорғаныс офицері шомылу маусымында қала тұрғындарын суда қауіпсіз жүріс-тұрыс ережелерін сақтауға, сондай-ақ су айдындары жанында балаларды назардан тыс қалдырмауға шақырды.
Жазатайым оқиғаларды болдырмау үшін, ТЖД келесі ережелерді сақтауға шақырады:
- балаларды судың жанында қараусыз қалдырмау;
- тек жабдықталған жағажайларда және ресми рұқсаты мен құтқару қызметі бар шомылуға арналған басқа жерлерде шомылу;
- жүзе алмайтын жағдайда, белден жоғары суға түспеу;
- шомылу кезінде бір-біріңізді назардан қалдырмау;
- қалқымалар, қоршау белгілері мен жағадан алыс жүзбеу;
- қайықтардан, көпірлерден және айлақтардан суға секірмеу;
- түнде суда шомылмау.