Биыл күзде Алматы қаласынан 1 500-ден астам кейінге қалдыру құқығы жоқ азаматтар мерзімді әскери қызметке жіберіледі. Науқан 2025 жылдың желтоқсан айының соңына дейін жалғасады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Әуезов ауданының қорғаныс істері басқармасының бастығы, полковник Руслан Бітікбаев хабарлады.

Оның айтуынша, Қарулы күштерді жасақтау – елдің әскери қауіпсіздігін, тұрақтылығын және аумақтық тұтастығын қамтамасыз етудің аса маңызды құрамдас бөлігі.

«Отанды қорғау – қасиетті борыш, ал әскери қызмет өтеу – әрбір ер азаматтың міндеті. Әскери қызмет – елдің тәуелсіздігін сақтауға бағытталған маңызды элемент. Сонымен қатар ол жастарды тәрбиелейді, оларды ел қорғауға дайындайды. Бұл – тек мемлекеттің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті», – деді Руслан Бітікбаев.

Спикердің айтуынша, мерзімді қызметтен өткен азаматтар қажет болған жағдайда елді қорғауға шақырылатын дайындалған қордың негізін құрайды.

Шақырылушылар Қазақстан Республикасының Қарулы күштерінің бөлімдеріне, ҰҚК Шекара қызметіне, Мемлекеттік күзет қызметіне, Төтенше жағдайлар министрлігіне және Ұлттық ұланның әскери бөлімдеріне жіберіледі. Денсаулығына байланысты әскери қызметке жарамсыз деп танылған азаматтар әскерге шақырылмайды.

Полковник өз сөзінде мерзімді әскери қызмет атқаратын сарбаздардың тұрмыс жағдайына да тоқталды. Қорғаныс министрлігі армиядағы құқықтық тәртіпті сақтау, әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған шаралар жүйесін әзірлеген. Әрбір сарбаздың өмірі уәкілетті құрылымдардың бақылауында. Бұл жұмысқа «Сарбаз аналар комитеті» де тартылған.

Сонымен қатар сарбаздарға ата-аналарымен және жақындарымен бейнебайланыс орнату мүмкіндігі берілген – «Отбасымен бейнеқоңырау» сервисі белсенді қолданылуда.

Әскери қызметтің тартымдылығын арттыру бағытындағы жұмыс жалғасуда. Ең алдымен бұл білім беру саласындағы жеңілдіктер мен несие каникулдарына қатысты. Мерзімді әскери қызмет атқарып жүрген, жоғары оқу орнына түскісі келетін сарбаздарға арналған «Сарбаз» (бұрынғы «Срочники») цифрлық платформасы жұмыс істейді. Платформа сарбаздардың рейтингін автоматты түрде қалыптастырып, соның негізінде ЖОО таңдауға мүмкіндік береді.

«Қызмет барысында шақырылушылар еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды меңгере алады. Мысалы, жүк көлігінің жүргізушісі, экскаваторшы, тракторшы, жол салушы, дизелист-электрик, байланыс маманы және тағы басқа. Оқыту нәтижесінде тиісті сертификаттар беріледі», – деп түйіндеді спикер.

Ақпарат көзі: Алматы қаласының ӨКҚ