Алматы қаласының әкімдігі салалық ведомстволармен, ғылыми ұйымдармен және қоғам өкілдерімен бірлесе отырып, Баум тоғайын сақтау, қалпына келтіру және абаттандыру бойынша кезең-кезеңімен жұмыстар жүргізуде.
Жобаның басты мақсаты - аумақтың табиғи келбетін сақтау, жасыл қорды нығайту және тұрғындардың жайлы әрі қауіпсіз демалысын қамтамасыз ету, сонымен қатар орман экожүйесіне барынша аз әсер ету. Бұл туралы Алматы қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясында тиісті басқармалар мен мекемелердің өкілдері баяндады.
Баум тоғайы - ерекше қорғалатын табиғи аумақ. Мұнда 104 429 ағаш пен 5 081 бұта өседі, олардың барлығы мемлекеттік орман қорына жатады. Барлық жұмыстар экологиялық талаптар мен ғылыми институттардың ұсынымдарына сәйкес жүргізіледі.
«Жобаның басты мақсаты - тоғайдың тарихи мәртебесін және қаланың басты табиғи нысаны ретіндегі рөлін қалпына келтіру. Біздің мақсатымыз – экожүйенің табиғи тепе-теңдігін сақтай отырып, экосаналы мәдениетті дамыту. Қазір бұл аумақ қараусыз қалып, жарықтандыру мен бейнебақылау жүйесі орнатылмаған.. Жақын уақытта мұның бәрі орнатылады. Жоба толықтай жеке инвестиция есебінен жүзеге асырылуда, жергілікті бюджеттен қаражат бөлінген жоқ», - деді Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасының басшысы Батырхан Сүлейменов.
Жоба аясында ағаштарды жаппай кесу көзделмеген. Санитарлық тазалау тек апатты, қураған және қауіпті ағаштарға қатысты және орман патологтарының қорытындысына сай жүргізіледі. Сонымен қатар жасыл қорды жаңарту бағдарламасы іске асуда: 2023 жылдан бері 2 мыңнан астам жас ағаш отырғызылды, ал абаттандыру шеңберінде тағы 1000 ағаш қосымша отырғызылады.
«Бүгінгі таңда Баум тоғайындағы абаттандыру жұмыстары жер бедері мен тамыр жүйесіне қол тигізбей жүргізілуде. Біз тамыр жүйесіне өте ұқыпты қараймыз. Сол себепті цемент-бетон бұйымдарынан, бордюр мен жиектастардан бас тарттық. Жоба аясында бірде-бір ағаш кесілмейді және бүгінге дейін де кесілген жоқ. Керісінше, мыңнан астам ағаш отырғызу жоспарланған», - деп атап өтті Батырхан Сүлейменов.
25-26 қазанға қараған түні «Медеу» мемлекеттік өңірлік табиғи паркі қызметкерлері бес ағаштың (үйеңкі мен акация) заңсыз кесілгенін және он бір ұсақжапырақты қарағаштың діңі араланғанын анықтады.
Оқиға орнынан екі қол ара мен бір бензопила табылған. 24 қазанда бұл ағаштар зақымданбағаны тіркелген. Кезекші инспектор экологиялық полицияға өтініш жолдаған.
Қазанның 25-і күні жасыл аумақтағы бір ағаштың өртену дерегі тіркелді. Оқиға орнына жедел жеткен «СК Барлас Құрылыс» компаниясының қызметкерлері өртті дереу сөндірді. Сараптама нәтижесінде кесілген ағаштардың жаңа екені және олардың мереке күндері белгісіз тұлғалармен отын дайындау мақсатында кесілгені анықталды.
Демеуші және мердігер ұйым ағаш кесуге қатысы жоқ және өз тарапынан да экологиялық полицияға өтініш берді. Мердігер ұйым шағын сәулеттік нысандарды тек жасыл желек жоқ жерлерге орнатуда.
Осындай құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында тоғай аумағында патруль күшейтіледі, қосымша бейнебақылау камералары орнатылады, сондай-ақ учаскелік полиция инспекторы түсіндіру және профилактикалық жұмыстар жүргізеді.
Абаттандыру жұмыстары табиғи экожүйені қалпына келтіруге, қауіпсіздікті арттыруға және тұрғындарға қолайлы демалыс аймағын құруға бағытталған. Жұмыстардың көп бөлігі ауыр техникасыз және бетон жамылғысыз орындалады.
Аумақта қауіпсіз экожолдар, тыныш демалыс аймақтары, балалар алаңдары, жарықтандыру жүйесі, бейнебақылау камералары мен полиция бекеттері орнатылады. Ерекше назар табиғи дренаж жүйесін қалпына келтіруге аударылған: арықтар құрылыс үшін емес, ағаштардың тамыр жүйесін батпақтанудан қорғау мақсатында жүргізілуде.
«Жоспар бойынша 360 градусқа шолу жасайтын 78 камера орнатылады. Дегенмен, тұрғындардың ұсыныстарын ескере отырып, қазір полиция департаментінің мамандарымен бірге камера санын көбейту мәселесі қарастырылып жатыр. Нақты шешім алдағы күндері қабылданады», - деді Bazis-A Corp компаниясының вице-президенті, жобаның кураторы Ғалым Тилемисов.
Барлық шешім Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті мен Орман шаруашылығы ғылыми-инновациялық институтының ғылыми зерттеулеріне сүйене отырып қабылдануда. Жоба жеке инвестициялар есебінен қаржыландырылады, ал ағаш отырғызу жұмыстары волонтёрлер мен демеушілердің қолдауымен жүзеге асырылады.
Жұмыстар 2025 жылдың күзінде басталып, 2026 жылдың мамыр айында аяқталмақ. Тоғай жағдайын тұрақты түрде «Медеу» табиғи саябағының қызметкерлері бақылауда ұстайды. Қала билігі тұрғындармен және БАҚ-пен ашық диалог жүргізіп, барлық шешімдердің жария әрі айқын болуын қамтамасыз етеді.
Баум тоғайы табиғи аймақ ретінде сақталады. Негізгі мақсат - бірегей экожүйені қорғау, қауіпсіздікті арттыру және қала тұрғындары үшін заманауи, ыңғайлы әрі экологиялық кеңістік қалыптастыру.
«Бізде тұрақты негізде 8 инспектор қызмет атқарады. Олар жұмыс күндері таңғы 8:30-дан кешкі 18:00-ге дейін тоғай аумағында болады. Демалыс күндері кезекші инспекторлар қызметін жалғастырады», - деді «Медеу» мемлекеттік өңірлік табиғи паркі директорының орынбасары, бас орманшы Узақ Мыкитанов.
Алматы қаласының әкімдігі қала тұрғындарын табиғи аумақтарды қорғауға және жасыл желекті сақтауға шақырады. Сондай-ақ, көгал мен ағаштарға залал келтіру жағдайлары заң бойынша қатаң жауапкершілікке тартылатынын ескертеді.
Ақпарат көзі: Алматы қаласының ӨКҚ