Алматыда тұмау мен жедел респираторлық вирустық инфекциялар бойынша маусымдық өсім сақталғанымен, эпидемиологиялық жағдайды бақылауда құстап отырмыз.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары Ләйла Иманғалиева осылай деп хабарлады.

Оның айтуынша, аурушаңдық деңгейі маусымдық шектен аспайды, мекемелер тұрақты жұмыс істеп тұр, төсек-орын мен дәрігер де жеткілікті.

Алматыда ересектердің 69-сі A/H3N2 тұмауын жұқтырған. «Барлығы емделіп жатыр, жағдайы қанағаттанарлық», – дейді Ләйла Иманғалиева. Қалада сонымен қатар риновирус, бокавирус, РС-вирус, аденовирус, парагрипп пен маусымдық коронавирус сияқты басқа да вирустар бар.

Әсіресе жүкті әйелдер мен балаларға көп көңіл бөлінді: дәрігерлер науқастың үйіне барып, оларды бақылап, қажет болса ауруханаға жатқызып жатыр. Медициналық ұйымдар күшейтілген жұмыс режиміне көшкен.

Балаларға Балалар қалалық клиникалық инфекциялық ауруханасы тәулік бойы көмек көрсетеді. Негізгі корпус пен қаланың аудандарына бөлінген екі бөлімшеде жалпы 719 төсек бар. Ересектер мен жүкті әйелдерге арнап С. Жекенова атындағы қалалық клиникалық инфекциялық аурухана (400 төсек, оның ішінде 9 реанимациялық) мен № 4 қалалық перзентхана (70 төсек, оның ішінде 6 реанимациялық) жұмыс істейді: Инфекциялық стационарлардың жүктемесі 58,2–61,8% деңгейінде. Жағдай нашарлай қалса орын санын көбейтуге мүмкіндік беретін қосымша 202 төсек қоры да бар.

«Жағдайды түгел бақылауда ұстап отырмыз, төсек қоры мен дәрі-дәрмек те жеткілікті», – деп атап өтті Ләйла Иманғалиева.

Қарашаның басында жедел жәрдем шақырғандар күрт көбейгенімен (тәулігіне 1600-ге дейін), кейін біртіндеп бәсеңдей бастады. 28 қарашадан бастап 103 нөміріне қоңырау шалғандар саны тәулігіне 700–1000 аралығына дейін бәсеңдеді.

Барлық медициналық ұйымдар жоспарлы режимде жұмыс істеп жатыр, бәрі кез келген жағдайға сақадай-сай отыр.

Мектеп пен балабақшада күн сайын таңертең тексеріс жүргізіледі: тәрбиешілер мен дәрігерлер балаларды қарап, ата-анасымен сөйлесіп, ауырып тұрғандарын ұжымға жібермей алып қалады.

«Білім беретін мекемелерде дәрігер жағы жеткілікті», – дейді Ләйла Иманғалиева.

2 желтоқсанда Алматыдағы тұмау мен ЖРВИ бойынша аурушаңдық маусымдық шегінен аса қойған жоқ, медициналық ұйымдардың жұмысын Қоғамдық денсаулық басқармасы бақылауда ұстап отыр.

Ақпарат көзі: Алматы қаласының ӨКҚ