Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Алматыдағы бөлімшесі көлік жүктемесін азайтудан бастап тұрғындарға арналған цифрлық сервистерді жақсартуға дейінгі біраз жобаны таныстырды. Бұл туралы Алматы қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында Академия директоры Айнұр Ыдырысова хабарлады.
Оның айтуынша, Академия қаланың стратегиялық бастамаларын жүзеге асыратын кадрларды даярлауға белсене атсалысып жүр. Алғаш рет басшылық қызметке тағайындалған немесе мемлекеттік қызметке жаңадан келген қызметкерлер үш апталық оқу бағдарламасынан өтеді. Бағдарлама аясында 3–5 адамнан құралған командалар өзінің жобалық шешімін әзірлейді. Бұл жұмыстарды қорғауға салалық басқармалар жетекшілері, бизнес пен квазимемлекеттік сектор өкілдері қатысады. Тақырыптар қатысушылардың лауазымы мен біліміне қарамастан таңдалады. Басты критерий алматылықтардың өмір сапасын арттыру болып қалады. Ең үздік жобаларға «іске асыруға болады» деген мәртебе беріледі.
Биыл олар қалада қолдануға болатын бірнеше идея ұсынған. Соның бірі – реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелдерін автоматты қозғалыс тіркеуі бар жүйемен жарықтандыру. Бұл жаяу жүргіншілердің қараңғы кезде көрінуін арттырып, жол апатының санын азайтуға мүмкіндік бермек. Тағы бір жоба- шетелдің біраз елінде қолға алынған метро, автобус және троллейбусты бір төлем арқылы пайдалануға мүмкіндік беретін бірыңғай төлем жүйесін енгізу.
Сонымен қатар таңғы қарбаласта көлік жүктемесін азайту үшін ЖОО мен колледждердің сабақ кестесін өзгерту ұсынылды: 255 мың студенттің сабақ уақытын 11:00-ге ауыстыру жолаушылар ағынын қайта бөліп, жолдағы кептелісті азайтуға сеп болуы мүмкін. Цифрландыру саласында жасанды интеллектпен жұмыс істейтін, азаматтардың сұрағына жауап бере алатын қосымша жобасын әзірледі. Алматыда жыл сайын 200 мыңнан астам өтініш тіркеледі, мұндай сервис МҚО-ларға түсетін жүктемені едәуір азайтар еді.
Бұдан бөлек, бағдарлама қатысушылары e-Otinish платформасының функционалын жетілдіруді ұсынды. Өздері жиі кезігетін қателіктерді талдап, олар жүйемен жұмыс істеуді ыңғайлы етіп, қате өтініштер санын азайтатын бірқатар шағын, бірақ маңызды интерфейстік жақсартулар даярлады.
Алматыны дамытуға даяр отырған жас мемлекеттік қызметкерлердің беталысына қуанатынын айтады академия өкілдері.
Ақпарат көзі: Алматы қаласының ӨКҚ