Алдағы 5–10 жылда Алматы мемлекеттік қызметкерлерден цифрлық сауаттылық, жобалық ойлау, клиентке бағдарлану мен қарқынды дамып келе жатқан қалада жұмыс істей білу сияқты мүлдем жаңа дағдыларды талап ете бастайды.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Алматыдағы бөлімшесінің директоры Айнұр Ыдырысова мәлімдеді. Ол кадрлар даярлау жүйесінің елеулі өзгеріске ұшырап, практикаға бағытталған оқыту моделіне көшкенін атап өтті.
Айнұр Ыдырысованың айтуынша, Алматының дамуы, халық санының артып, инфрақұрылымға түсетін жүктеменің көбеюі, көлік шектеуі, экологиялық сын-қатерлер мен азаматтық белсенділіктің жоғарылауы басқарушылардан деректермен, цифрлық платформалармен, зияткерлік жүйемен жұмыс істей білуді талап етіп отыр. Алдыңғы орынға цифрлық және дата-сауаттылық, жобалар мен өзгерістерді басқару, сервис-дизайн және клиентке бағдарлану, сондай-ақ «тыңдайтын мемлекет» тұжырымдамасы аясында қоғаммен байланыса білу қажет болады. Бұдан басқа, дағдарысқа төзімділік, этика, жауапкершілік және үнемі білім алуға дайын болу да аса маңызды.
Айнұр Ыдырысова қазіргі мемлекеттік қызметкер жүйелі ойлау қабілетіне ие болып, бәрі жылдам өзгеріп жатқанда стратегиялық шешім қабылдай білуі тиіс екенін атап өтті. Сондықтан Алматыдағы Академия басқарушылық құзыреттердің толық кешенін қалыптастыратын бағдарламалар әзірлеп жатыр. Қайта даярлау барысында тыңдаушылар проблемалардың түпкі себептерін анықтауды, шешімдерді негіздеуді, оларды жоба ретінде рәсімдеуді, бюджет пен тәуекелдерді, мерзімдерді есептеп, сондай-ақ қысқа және ұзақ мерзімді әсерлерді бағалауды үйренеді. Мұндай практикалық кейстер олардың болашақ кәсіби қызметінде кәдеге жарайтын болады.
«Бүгінде тек профильдік білім жеткіліксіз: мемлекеттік қызметші деректерді талдай біліп, цифрлық құралдарды енгізе алуы, интеллектуалды жүйелермен жұмыс істеп, азаматтарға ыңғайлы сервистер құра алуы қажет. Бұрын басты талап жедел әрекет ету болса, бүгінде негізгі рөл болжау мен алдын алатын шешімдерді енгізу болып отыр», – деді Айнұр Ыдырыссова.
Соңғы жылдардағы басты жетістіктің бірі ретінде Академия директоры практикаға бағытталған оқытуға көшуді атады. Дәстүрлі дәрістермен қатар нақты кейстер, жұмыс жағдайларын модельдеу мен мемлекеттік органдардың қазіргі басшыларын оқыту процесіне тарту іске асырылды. Технологиялық жаңғырту да маңызды бағыттың бірі болды: қоғамдық сөйлеу мен баспасөзбен жұмыс істеуге арналған медиа-студиялар, дағдарыс сценарийлерін пысықтауға арналған VR-симуляциялар енгізілді. Бөлімшелердің кеңеюі жаңа құзыреттерді бүкіл елде жедел енгізуге мүмкіндік берді.
Айнұр Ыдырысова ерекше атап өткен маңызды бастамалардың бірі – «AI-Qyzmet» білім беру жобасы болды. Ол Жасанды интеллект, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі (МЦРИАП) және Astana Hub-тың бірлесуімен жүзеге асырылды. Бағдарлама 50 мыңнан астам мемлекеттік қызметкерді қамтып, цифрлық сауаттылықты арттырып, жасанды интеллект технологияларын мемлекеттік басқаруда этикалық тұрғыдан қолдануға бағытталды.
Оның айтуынша, бұл өзгерістердің барлығы қарқынды дамып келе жатқан қаланың сын-қатерлеріне тиімді жауап бере алатын жаңа буын басқарушыларын даярлаудың алғышарты болмақ.
Ақпарат көзі: Алматы қаласының ӨКҚ