Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Алматы қаласындағы филиалының директоры Айнұр Ыдырысова мемлекеттік қызметшілерді даярлау жүйесіндегі негізгі өзгеріс пен жаңа білім беру тәсілдері туралы баяндады.
Спикердің айтуынша, Академияда Гарвард басқару мектебінің кейс-стади әдісі, дағдарысты басқару жағы мен өзге де замандық халықаралық әдістемелер енгізілген.
Академия Harvard Kennedy School және Сиракьюз университетінің Maxwell School of Citizenship and Public Affairs жоғары оқу орындарымен белсенді ынтымақтастық орнатқан. Шетелдік лекторлар тыңдаушыларға дәріс оқып, Академия мамандары тәжірибе алмасудан өтіп, біліктілігін арттырады.
«Қазір тыңдаушылар теорияны оқып қана қоймай, иммерсивті ортада нақты басқарушылық міндеттерді шешеді, түрлі сценарийлерді модельдейді, салдарын талдап, әртүрлі мінез-құлық модельін байқап көреді. Бұл басқарушының жаңаша ойлау қабілетін қалыптастырады», – дейді спикер.
Мемлекеттік қызметшілердің жаңаша ойлай білуін қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінген. Ыдырысованың пікірінше, мемлекеттік секторда цифрлық сервистерді әзірлеу логикасын – пайдаланушы жолын, гипотезаларды тестілеп, деректерді талдап, ІТ-архитектураны жақсы түсінетін мамандар әлі де жеткіліксіз.
«Цифрлық өнімдерді әзірлеудің базалық дағдылары мен процестерін түсінбейінше, цифрлық трансформация толыққанды болмайды. Сондықтан мемлекеттік қызметшілер, ең болмағанда базалық деңгейде ойлай білуі керек», — дейді.
Брифинг барысында жастардың мемлекеттік қызметке қызығушылығы да сөз болды. Академия деректеріне сәйкес, мемлекеттік қызметшілердің орта жасы – 39 жас, 30 жасқа дейінгі мамандар 17 % болып қалады.
Спикердің айтуынша, жеке сектордағыдай айлық бермесе де, жастарды мұнда нақты жобаға қатыса алатын мүмкіндік, басқарушылық дағдыларды меңгеру мен өз бастамасын іске асыру жағы қатты қызықтырады.
Соңында Айнұр Ыдырысова Мемлекеттік басқару академиясы қала мен елді дамыту үшін технологияларды, халықаралық тәжірибелерді және стратегиялық ойлауды ұштастыра алатын жаңа буын басқарушыларын даярлайтын орталыққа айналып келе жатқанын атап өтті.
Ақпарат көзі: Алматы қаласының ӨКҚ
Фото: Ehaan Deva