Бүгін (9 желтоқсан күні) Алматының аспаны ап-ашық болып тұр екен. Кей кезде мұнартып тұратын басын ақ шалған Іле Алатауы да анадайдан анық көрініп тұр. Кешегі жаңбырдан кейін қала кәдімгідей тазарып қалыпты.
Синоптиктер бір апта бұрын желтоқсанның басында «күн райы күрт құбылып», жаңбыр жауып, қар ұшқындап, жел соғатынын айтқан. Қаланы тұмшалап тұрған түтін мен шаңнан арылуға сеп болды сол.
Ауа сапасын бақылайтын халықаралық ұйым IQAir деректеріне қарағанда, қаланың ластану көрсеткіші де едәуір жақсарған.
Естеріңізге салсақ, соңғы айларда Алматыдағы ауаның сапасы нашарлап, қаламыз антирейтингтерден түспей келген еді. Бірақ табиғаттың алай-дүлей мінезі мен селдіреп жауған аз ғана жауынның өзі қаланың аспанын қайта ашып, қала тұрғындары да еркін тыныстап, рахаттанып қалды.
Иә, қаланы үнемі шаң басып, тұмшалап тұра беруі мүмкін емес. Алматының ауа райы бірде былай, бірде былай екенін ескерсек, кейде тұмшалап, түтіннен көрінбей қалған қаланың аспаны ертеңінде шайдай ашылып кететініне тұрғындардың да көзі үйренгелі қашан!
Айта кетейік, 1 желтоқсаннан бастап Алматының жергілікті атқарушы органдары ауаны ластауды азайтып, автопаркті жаңарту мақсатында жаңа экологиялық ережелер енгізді. Атмосфераны қорғау ережелерін әзірлей бастады, ол құжат қазір келісіліп жатыр.
Сонымен қатар желтоқсанның алғашқы күндерінде Алматыда қатты отын пайдаланатын кәуапханаларға бақылау да күшейді. Санитарлық-эпидемиологиялық қызметтер көпшілік тамақтанатын орындарға жоспардан тыс 12 тексеріс жүргізіп, 10 заң бұзушылықты анықтаған.
Қалада сондай-ақ «Eco Almaty» ЖШС-нің жылжымалы зертханалары жұмыс істеп, зиянды қалдықтардың деңгейін тіркеп, тексеріп жүр.
Ақпарат көзі: Алматы қаласының ӨКҚ