Өңірлік коммуникациялар қызметінде әйелдер кәсіпкерлігін қолдау мен қаладағы көпбалалы аналарға берілетін мүмкіндіктерді баяндады. Спикер ретінде Алматы қаласы әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшесі Сана Жандай сөз сөйледі.

Комиссия мәліметінше, Алматы әйелдердің іскерлік белсенділігі бойынша елдегі ең үлкен орталықтың бірі болып қала береді. Тек 2025 жылдың өзінде «Бастау Бизнес» бағдарламасы аясында 647 көпбалалы ана оқудан өткен, олардың 281-і 400 АЕК көлемінде (шамамен 1,57 млн теңге) мемлекеттік грант алыпты. Жобалардың басым бөлігі қызмет көрсету, қолөнер өндірісі, білім беру мен әлеуметтік бастамалар бағытында жүзеге асып жатыр.

«Әйелдер кәсіпкерлігі – экономикаға қосқан үлес қана емес, отбасының да тұрақтылығын арттырады ол. Көпбалалы аналар шеберханалар, шағын студиялар мен әлеуметтік жобалар ашуға икемді екенін көрсетті. Біздің міндетіміз – оларды енді қолдауды күшейте түсу», – дейді Сана Жандай.

2020–2025 жылдары Алматыда 5 млн теңгеге дейінгі гранттарға 3,3 млрд теңге бөлінген. 969 жоба мақұлданып, оның біразын әйелдер алыпты.

Отбасыларға, балалар мен әлеуметтік осал топтарға қызмет көрсететін әлеуметтік кәсіпкерлерге басымдық беріліп отыр. Бұл мәртебе «Алматы» ӘКК» АҚ-ның нысандарын жеңілдікпен жалға алуға мүмкіндік береді. 1 шаршы метр үшін 0,1 АЕК, сүйемелдеу мен қолдау да оларға қолжетімді болады.

Қалада жергілікті шикізаттан өнім өндіруге бағытталған жоба да дамып келеді. Ол әсіресе қолөнер, тағам өндіру, тоқыма, декоративті бұйымдармен айналысатын көпбалалы аналардың арасында үлкен сұранысқа ие.

Қатысушыларға маркетингтік қолдау, өнімді қаптауға көмек, көрмелерге қатысу мен гранттарға қолжетімділік ұсынылады.

Әйелдер бастапқы капиталдың аздығы, бизнесті бала бағумен қатар алып жүру, цифрлық сауаттың төмендігі, «Алматы» ӘКК» жүйесінен тыс ғимараттарға қол жеткізе алмау сияқты әлі де біраз қиындыққа тап болып отыр.

«Рәсімді жеңілдетіп, өтінім беруді цифрландырып, инфрақұрылымды қолжетімді етіп, кеңейтуді алдағы жылдарға жоспарлап қойдық. Әйелдерге түсінікті оқыту форматы мен сүйемелдеу қажет, бұлар қазірдің өзінде қолға алынып, әзірленіп жатыр», – деп толықтырып өтті Сана Жандай.

Соңында Алматыда әйелдер кәсіпкерлігін дамыту әлеуметтік саясаттың басым бағытының бірі болып қала беретіні, оның отбасылардың жұмыспен қамтылуы мен экономикалық тұрақтылығына тікелей әсер ететіні айтылды.

Ақпарат көзі: Алматы қаласының ӨКҚ