Алматы әкімінің гендерлік мәселелер жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі, Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Айгүл Шалбаева Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында әйелдер мен отбасылық кәсіпкерлікті дамытуға арналған ұсыныстары мен оның экономикаға әсері туралы айтып берді.
Айгүл Шалбаеваның айтуынша, әйел кәсіпкерлердің көбеюі қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң әсер етеді: жаңа жұмыс орындары ашылып, отбасылардың табысы өседі, шағын өндіріс пен қызмет көрсету секторы кеңейеді, әлеуметтік қолдауға түсетін жүктеме де едәуір азаяды.
«Әйелдер кәсіпкерлігі – экономикаға ғана емес, қаланың болашағына да үлес қосу. Ол әлеуметтік тұрақтылықты күшейтеді, адами капиталды дамытып, аналар қаланың экономикасына да араласа бастайды», – деп атап өтті ол.
Брифингте ұсынылған деректерге сәйкес, Қазақстандағы шағын және орта бизнес нысандарының жартысына жуығын әйелдер басқарады. Алматыда 32 мың бизнес нысанының бас-қасында әйелдер тұр. Шалбаева әйелдердің бастамалары тұрақты, көбіне әлеуметтік салаға бағытталатынын айтады.
«Әйелдер білім беру, қолөнер, әлеуметтік қызметтер немесе реабилитация саласындағы жобалар сияқты қоғамдық құндылықты арттыратын кәсіпорындар ашады көбіне. Олардың басты артықшылығы – эмпатия, коммуникация және ұзақ мерзімді нәтижеге бағытталу».
Спикер қаладағы отбасылық бизнесті дамытуды жеделдететін бірнеше іс-шараны атады. Солардың арасында отбасылық кәсіпкерлер үшін «бір терезе» жүйесін құру, арнаулы онлайн-платформа іске қосып, білім беретін бағдарламаны көбейту, қолдау мен инфрақұрылымдық шешімдер бар.
Сонымен қатар маркетингтік бастамалар да маңызды рөл атқара алады: қалалық фестиваль мен «Алматының отбасылық өнімдері» бренді, онлайн-маркетплейс, туризм саласында отбасылық кәсіпорындарды ілгерілету, қолөнер шеберханаларындағы мастер-класстар мен отбасылық бизнес өкілдерін жұмысты жаңадан бастағандармен байланыстыратын менторлық бағдарламалар.
«Жобаны іске қосумен ғана шектелмей, оның ұзақ мерзімді, тұрақты моделін қалыптастыру керек. Ол Алматының қарқынды дамып отырған ортасына бейімделіп кете алатындай болуы керек», – дейді спикер.
Мемлекет көмегімен жүзеге асырылатын әйелдер жобаларының өміршеңдігіне тоқталған ол, бизнес-жобалаудың саналы түрде жүргізілуінің маңызын атап өтті: өтінім беру кезеңінің өзінде кәсіпкер жоба нарықтың қандай қажеттілігін өтейтінін және мемлекеттік қолдау аяқталғаннан кейін қалай дами алатынын түсінуі тиіс. Іске асыру барысында бренд қалыптастыру, монетизацияның жаңа модельдерін сынақтан өткізу мен кеңеюге дайындалу қажет. Бұл ретте мемлекеттік қолдаудың рөлі – қаржыландыру үлесін біртіндеп азайту, серіктестіктерді ынталандыру мен әйел-көшбасшыларға арналған кәсіби қолдау қауымдастығын қалыптастыру.
«Әйелдердің жобалары көбіне өз бастамасымен жүзеге асады. Біздің міндет – осы жолда олардың алған бетінен қайтпай, дамуына жағдай жасау», – деп түйіндеді Айгүл Шалбаева.
Ақпарат көзі: Алматы қаласының ӨКҚ