Алматыда көпбалалы ана Назым Ахан мен Апуза Ибадуллаева «Бастау Бизнес» жобасымен грант алып, өз кәсібін бастап, көрген-түйгенін бизнес-жобаға айналдырды. Алған тәжірибесі мен бизнестің аяқ алысы туралы кәсіпкерлер Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында айтып берді.
Көпбалалы ана әрі жас кәсіпкер Назым Ахан осыған дейін бірнеше жыл медицина саласында жұмыс істеген, алайда екі жұмысты қатар алып жүру қиын болыпты. Диагностикалық кабинет ашу бұрыннан ойында болғанымен, жалға алып, жабдық сатып алуға кететін ақшасы мен бастапқы капиталын есептегенде, кейінге ысыра берген.
«Бастау Бизнес» жобасы туралы білген соң, ол Түрксіб ауданындағы аналарды қолдау орталығына жүгінеді.
«Мен біліктілік курстарынан өттім, барлық қажетті ақпаратты алып, 2025 жылдың бірінші легіне қатыстым. Соңында грант ұтып алдым. Менің жобам – ағзаны диагностикалау мен сауықтыру кабинеті. Біреулерге 400 АЕК – үлкен сома болғанымен, біреулерге аз ақша, бірақ стартаптар үшін 1,5 млн теңге – кәдімгідей қолдау ол. Бағдарламаның арқасында мен жабдық сатып алып, кабинетті аштым. Көпбалалы ана болған соң, мұны үлкен мүмкіндік деп қабылдадым. Басқа әйелдерге қорықпай, берілген мүмкіндіктерді пайдаланып, өз ісін ашуына тілектеспін әрқашан», – дейді Назым Ахан.
Көпбалалы ана Апуза Ибадуллаева да кондитерлік цехтарда көп жыл еңбек еткен тәжірибелі наубайшы-кондитер. «Бастау Бизнес» жобасында жеңіске жетіп, ол да осылайша өзінің шағын өндірісін ашып отыр.
«Менің төрт балам бар. 25 жасымнан бастап өндірісте, кондитерлік цехтарда жұмыс істедім. Өз ісімді ашуды армандап жүріп, ақыры көпшілік орынға байланысты грант ұтып алдым. Қазір жаңа піскен тағамдар, ыстық ас пен ланч-бокстарға тапсырыс аламын. Жоба туралы таныстарымнан естіп білдім, курстан өтіп, қолдау алдым сосын. Бұл бізге үлкен көмек», – деді ол.
Кәсіпкерлер өз бизнесін ашуға талпынған кез келген адам табысқа жете алатынын дәлелдеп отыр. Үздіксіз білім алып отыруды да ұмытпауы керек.
«Бастау Бизнес» бағдарламасы Алматыда әйелдер кәсіпкерлігін қолдаудың негізгі жолы болып қала береді. Қала әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның мәліметінше, 2025 жылы бағдарлама бойынша 647 көпбалалы ана оқудан өткен, олардың 281-і мемлекеттік грант алыпты. Жобаның басым бөлігі қызмет көрсету, қолөнер, білім беру мен әлеуметтік бастамалар саласында жүзеге асып, әйелдердің өзін жұмыспен қамтып, экономикалық белсенділіктің артуына ықпал еткен.
Ақпарат көзі: Алматы қаласының ӨКҚ