Наурызбай ауданында 2026 жылы көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары күшейтілді. Жыл басынан бері аумаққа 1 500 ағаш отырғызылды, жыл соңына дейін тағы 1 000 көшет егу жоспарланып отыр.

Қалқаман шағынауданында 26 мыңнан астам бұта отырғызылып, жаңа гүлзарлар мен раушан гүлдері пайда болды. Сонымен қатар, аудан аумағында 768 гүл конструкциясы орнатылып, 17,5 мың гүл егілді. Көгалдандыру жұмыстары Абай даңғылы, Абай – Әшімов жол айрығы және Дәулеткерей көшесі сияқты негізгі аумақтарды қамтыды.

«Биыл ауданның жасыл желегін көбейтуге және қоғамдық кеңістіктерді көркейтуге ерекше көңіл бөлдік. Бұл жұмыстар тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған», – деді Наурызбай ауданының әкімі Назира Тоғызбаева.

Аудан әкімінің БАҚ қызметкерлеріне берген мәліметінше, жыл соңына дейін көгалдандыру жұмыстары жалғасып, тағы 1 000 ағаш көшетін отырғызу жоспарланған.

Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі