Алматыда мектеп жанындағы лагерьлерде балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру жөнінде баспасөз туры өтті. Оған қала әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова, білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева, сондай-ақ қалалық мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелері қатысты.
Мониторинг барысында қатысушылар үш мектептің жанындағы лагерь, Алматы технологиялық колледжі базасындағы лагерь және Алатау ауданы Оқушыларының инновациялық шығармашылық орталығы бағдарламасымен танысты.
Алғашқы нысан биыл алғаш рет этникалық лагерь ашқан №57 жалпы білім беретін мектеп болды. Мектеп аумағында іші дәстүрге сай безендірілген киіз үйлер орнатылған. Онда оқушылар үшін ұлттық ойындар, байқаулар мен викториналар ұйымдастырылады. Балалар бауырсақ, құрт пісіріп, домбыра шертіп, сәндік-қолданбалы өнермен айналысуды үйренеді. Мұның бәрі балалардың бойына ұлттық салт-дәстүрлерді, қазақы құндылықтарды, мәдениет пен әдет-ғұрыпты толық сіңіру үшін ұйымдастырылған.
«Биыл жазғы демалыста 266 мың бала қамтылады. Басымдық көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға, ата-анасыз қалған балаларға беріледі. Бұл жолы біз балаларға арналған этнолагерьлер мен спорт кешендерін ұйымдастырдық. Біздің мақсат - балаларды мәдениет пен спортқа баулу. Демалыс пайдалы, функционалды әрі балалардың дамуына бағытталған. Мектеп жанындағы барлық лагерьде тегін ыстық тамақ ұйымдастырылған», - деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова.
Келесі нысан №63 мектептің жанындағы спорт лагерь, онда журналистерге демалыстың қалай ұйымдастырылғаны көрсетілді. Тәлімгерлер күн сайын балаларды зияткерлік және шығармашылық ойындарға үйретеді, спорттық байқаулар мен викториналар ұйымдастырады. Қалада барлығы осындай 16 лагерь ашылған.
Сонымен қатар Әуезов ауданындағы Алматы технологиялық колледжінің базасындағы лагерь жұмысы таныстырылды. Мұнда демалыс және кәсіби бағдар сынды пайдалы істі біріктіре білген. Бұл «Жаз – болашақ мамандықпен» жобасының арқасында жүзеге асуда.
«Бұл лагерьлер балаларға демалумен қатар, түрлі салада өздерінің кәсіби дағдылары мен қызығушылықтарын дамытуға бірегей мүмкіндік береді. Сонымен қатар балаларға практикалық білім мен тәжірибе алуға көмектеседі, бұл олардың кәсіби қалыптасуындағы маңызды қадам болмақ. «Жаз – болашақ мамандықпен» жобасы қаладағы 17 колледждің базасында жүзеге асып жатыр. Барлығы 200-ден астам баланы қамтып, олардың маусым айында жазғы демалысының бір бөлігін қызықты әрі пайдалы өткізуге мүмкіндік жасау жоспарланған», - деді Алматы қаласы білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева.
Баспасөз туры аясында қатысушыларға 8 сынып оқушылары итальяндық макарон дайындауды үйреніп жатқан ас үй көрсетілді. Жалпы, мұнда мектеп оқушылары аспаздық, кондитерлік, наубайхана бойынша шеберлік дәрістерінен өтіп, бариста және даяшы ретінде клиенттерге қызмет көрсетуді үйренеді.
«Лагерьдегі кондитерлік курсқа қатысамын, кекс пісіруді үйреніп алдым. Бұл жерде қысқа мерзімде рецептпен танысып, ас әзірлеп, қателескен жерімді түсіндім. Әдетте мұндай шеберлік дәріс ақылы, ал мұнда тегін үйренуге болады, ол үшін қажетті азық-түліктер де беріледі», - деді №147 мектептің 8-сынып оқушысы Айша Хамитқызы.
Баспасөз туры соңында қатысушылар Алатау ауданы Оқушыларының инновациялық шығармашылық орталығына ат басын бұрды. Мұнда балалар үшін арнайы бағдарлама әзірленді: жазғы уақытта оқу сабақтары ойын түрінде өткізіледі. Бұл балаларды қызықтыру үшін қолға алынған. Лагерьде балалар изостудия, вокалдық-эстрадалық үйірме, спорт секциялары, робототехника, авиамодельдеу, сурет салу, мобилография және би сияқты сабақтарға қатыса алады. Ерекше қажеттілігі бар балаларға баса назар аударылады. Олар үшін ұсақ моториканы дамытуға бағытталған секциялар қарастырылған.
«Қоғамдық кеңес жанындағы әлеуметтік комиссия мүшелері қаланың мектеп жанындағы лагерлерінің рейтингісін шығарады. Лагерьлер орналастыру шарты, тамақтануды ұйымдастыру, қауіпсіздік пен инклюзивтілікті қамтамасыз ету, инфрақұрылымның жай-күйі және т.б. критерий бойынша бағаланды. Жалпы, қаладағы мектеп жанындағы лагерьлердің жұмысы жақсы ұйымдастырылған, балалардың бос уақытын тиімді өткізу мүмкіндігі жан-жақты қарастырылған», - деді Алматы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Рафаэль Гасанов.