Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Көкбастау ауылы бүгін қазақтың ұлы ақыны, жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына арналған ауқымды мерекенің орталығына айналды. Тау бөктеріне тігілген ақ шаңқан киіз үйлер, төгілген жыр, ұлттық ойындар мен ат спорты, айтыс пен өнер – барлығы ұлы ақынның рухына арналған дүбірлі тойдың көркін қыздырды. Мерекелік шараға 25 мыңға жуық адам жиналды.

Көкбастау төрінде 50-ге жуық киіз үй бой көтерді. Әр үйден ұлттық мәдениеттің өзіндік бояуы көрініс тауып, қазақтың салт-дәстүрі мен тұрмыс-тіршілігін танытатын көріністер ұсынылды. Жиналған жұрт ұлттық аспаптардың үнін тыңдап, жыршы-термешілердің өнерін тамашалады.

Мерекелік алаңда көркемөнерпаздар мен қолөнер шеберлерінің көрмелері ұйымдастырылды. Асыл тұқымды жылқылар мен тазылар таныстырылып, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтті.

Бұл күннің басты өзегі – Жамбылдың шығармашылық мұрасы мен қазақтың айтыс өнерін дәріптеу болды.

Думанды шараға мәдениет және қоғам қайраткерлері, жыршы-термешілер, айтыскер ақындар, облыс басшылығы, еліміздің әр өңірінен келген қонақтар және жергілікті тұрғындар қатысты.

«Жамбыл – қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкілі»

Мерейтойлық жиында ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.

Президент құттықтауында Жамбыл Жабаевтың қазақ мәдениеті мен әдебиетіндегі орнына ерекше тоқталған.

«Жамбыл Жабаев – ұлт мәдениетінде ерекше орны бар тарихи тұлға, қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкілі. Әйгілі жыршы шоқтығы биік шығармалары арқылы отаншылдық пен ынтымақ, ерлік пен елдік, адалдық пен әділдік секілді мызғымас құндылықтарды кеңінен дәріптеді», – делінген құттықтау хатта.

Мемлекет басшысы Жамбылдың айтыс өнерін өркендетуге, эпикалық дәстүрді жаңғыртуға және қазақ-қырғыз әдеби байланысын нығайтуға қосқан үлесін атап өтті.

Ғасырдан ғасырға жеткен ақын мұрасы бүгінде қазақ әдебиетінің ғана емес, адамзаттың ортақ рухани қазынасының бір бөлігіне айналды.

«Жамбылдың тұлғасы жыл өткен сайын тереңдей түседі»

Алматы облысының әкімі Шыңғыс Әрінов те Жамбыл Жабаевтың ұлттық руханияттағы орнына тоқталып, ақын мұрасын кейінгі ұрпаққа жеткізудің маңызын атап өтті.

«Жамбыл – қазақтың сөз өнерінде айрықша орны бар дара тұлға. Атақты Сүйінбай Аронұлынан бата алған ақын ғасырға жуық ғұмырында елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, ұлт мұратын жырына арқау етті», – деді облыс әкімі.

Оның айтуынша, уақыт өткен сайын Жамбыл тұлғасының тарихи және рухани мәні арта береді.

«Тау алыстаған сайын биіктей түседі» демекші, жылдар өткен сайын Жамбылдың тұлғасы да тереңірек таныла түсетіні сөзсіз. Ал сіз бен біздің парызымыз – бабадан қалған асыл мұраны көздің қарашығындай сақтап, келер ұрпаққа жеткізу», – деді Шыңғыс Сайранұлы.

Жамбыл тойы – айтыс өнерінің үлкен додасына ұласты

Жамбылдың 180 жылдығына арналған мерекелік шаралар жыл басынан бері еліміздің әр өңірінде және халықаралық деңгейде жалғасып келеді.

Бейжіңде «Жамбыл – ғасыр ақыны» атты тағылымды шара ұйымдастырылса, Сүйінбай атындағы мемлекеттік академиялық филармонияда «Ата толғауы» атты салтанатты концерт өтті.

Ал Ұзынағашта халықаралық ақындар айтысы ұйымдастырылып, оған Қазақстан мен Қырғызстаннан келген сөз шеберлері қатысты.

Суырыпсалма ақындардың өнерін Қазақстанның Халық жазушысы, «Құрмет», «Парасат», «Отан» ордендерінің иегері Жүрсін Ерман бастаған қазылар алқасы бағалады.

Айтыс қорытындысында бас жүлдені қызылордалық Мейірбек Сұлтанхан иеленіп, жаңа автокөлікке ие болды. Бірінші орын қырғызстандық Кутман Садыбакасовқа бұйырды. Екінші орынды Қазырет Бердіхан мен Нұрбол Жауынбаев бөліссе, үшінші орын Болат Ахметов пен Ұларбек Минатханға берілді.

Абдолла Қарсақбаевтың 100 жылдығы да ұлықталды

Көкбастаудағы мерейтойлық бағдарламада қазақ киносының көрнекті режиссері Абдолла Қарсақбаевтың 100 жылдығы да назардан тыс қалған жоқ.

Режиссердің шығармашылығына арналған арнайы бағдарламада оның фильмдерінен үзінділер көрсетіліп, театрландырылған көрініс ұсынылды.

Осылайша, Көкбастаудағы бүгінгі мереке бір ғана мерейтойлық датаға арналған шара емес, қазақтың жыр, музыка, театр, кино және ұлттық спорт өнерін бір арнаға тоғыстырған мәдени оқиғаға айналды.

Жамбылдың туған жеріне жиналған мыңдаған адам ұлы ақынның рухани мұрасын ұлықтап, оның есімі мен шығармашылығының ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқанын тағы бір мәрте көрсетті.

Жыр алыбының 180 жылдығына арналған Көкбастаудағы дүбірлі той осылайша 25 мыңға жуық адамның басын қосып, Жамбыл есімінің халық жадындағы мәңгілік орнын айшықтады.

Назира Бурхановa

Фотосурет Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметінен алынды