STADA фармацевтика компаниясы адамдардың өз денсаулығына деген көзқарасы мен денсаулық сақтау саласындағы өзгеріске арналған STADA Health Report 2026 халықаралық зерттеуінің нәтижесін таныстырды.
Жасанды интеллектінің қарыштап дамуы — биылғы жылдың басты үрдістерінің біріне айналды: Қазақстан тұрғындарының 71%-ы оны денсаулық мәселесінде пайдаланады, ал зерттеуге қатысушылар арасындағы орташа көрсеткіш — 55%.Сонымен қатар Қазақстан ЖИ көмегімен медициналық кеңес алуға дайындық деңгейі бойынша зерттеуге қатысқан 20 елдің ішінде бірінші орынға шықты: ел тұрғындарының 74%-ы мұндай мүмкіндікті белгілі бір жағдайларда қарастыруға дайын. Дегенмен технологияға жоғары қызығушылық дәрігер көмегінен бас тартуды білдірмейді. Қазақстандықтардың басым бөлігі ЖИ-ді медицина маманын алмастыратын құралдан гөрі, оған көмекші ретінде қарастырады.
Ақпарат іздеуден ЖИ дәуіріне қадам
Қазақстанда ЖИ-ді енді тек жастар пайдаланатын технология деп айтуға болмайды. Денсаулық мәселесіне қатысты оны 35 жасқа толмаған қазақстандықтардың 79%-ы және 35–54 жастағы адамдардың 71%-ы пайдаланады. Алайда егде жас тобындағы көрсеткіш ерекше назар аудартады: 55 жастан асқан қазақстандықтардың 61%-ы ЖИ-ді пайдаланады. Жасанды интеллект денсаулық туралы жалпы ақпарат іздеу үшін ғана пайдаланылмайды. Қазақстандықтардың 32%-ы қойылған диагнозды жақсырақ түсіну, 31%-ы профилактика, өмір салты, тамақтану және белсенді қозғалыс бойынша ұсынымдар алу, 24%-ы дәрігерге барғаннан кейін қосымша пікір алу үшін ЖИ-ге жүгінеді. Тағы 20%-ы медициналық кеңес алдында ауру белгілерін немесе ықтимал денсаулық жағдайын алдын ала түсіну үшін ЖИ-ді пайдаланады.
Сонымен қатар ЖИ-ді пайдалануға құмарлық дәрігерді онымен толықтай алмастыру ниетін білдірмейді. ЖИ көмегімен медициналық кеңес алуға дайын қазақстандықтардың 74%-ының ішінде мұндай форматты ешқандай қосымша шартсыз таңдауға тек 11%-ы дайын. 26%-ы ЖИ ұсынымдарын медицина маманының қосымша тексеруі маңызды десе, тағы 25%-ы жасанды интеллектіні қосымша пікір алу мүмкіндігі ретінде қарастырады. Осындай ұстаным емдеуге қатысты да байқалады. Қазақстандықтардың 51%-ы ЖИ дәрігерге жеке таңдалған емдеу жоспарын түзетуге және бейімдеуге көмектескенін жөн көреді. Мұндай жоспарды әзірлеуді жасанды интеллектіге толықтай сеніп тапсыруға небәрі 7%-ы дайын. Қазақстан тұрғындарының 69%-ы денсаулық туралы ақпараттар ағынында бағдар табу және сенімді ақпаратты жалған ақпараттан ажырату қиын екенін мойындайды.
«Менің мамандығым дәрігер және адамдардың денсаулығына деген көзқарасы қаншалықты жылдам өзгеріп жатқанын көріп жүрмін. Бұрын денсаулыққа қатысты сұрақтардың жауабын интернеттен іздесек, бүгінде оны жасанды интеллектіден жиі сұрайтын болдық. Бұл енді болашақтың көрінісі емес: қазақстандықтардың 71%-ы денсаулық мәселесінде ЖИ-ді пайдаланады, ал жасанды интеллект көмегімен медициналық кеңес алуға дайындық деңгейі бойынша Қазақстан зерттеуге қатысқан 20 елдің ішінде бірінші орын алды. Алайда мен мұны ЖИ мен дәрігердің бірін таңдау деп қабылдамаймын. Технология ақпаратты жылдамырақ табуға, диагнозды жақсырақ түсінуге, дәрігер қабылдауына дайындалуға немесе қосымша пікір алуға көмектесе алады. Ал дәрігерден кәсіби тәжірибе, қабылданатын шешім үшін жауапкершілік және адаммен тікелей қарым-қатынас күтеміз. Сондықтан денсаулық сақтаудың болашағы адам мен технологияның бәсекесінде емес, олардың үйлесімінде деп ойлаймын», — дейді STADA Қазақстан компаниясының бас директоры Наталья Гарипова.
Қазақстандықтардың 94%-ы өз бетінше емделуді құптайды
Денсаулық мәселесіне қатысты дербес шешім қабылдау жаңа технологияны пайдаланудан ғана көрінбейді. Қазақстан тұрғындарының 94%-ы белгілі бір жағдайларда өз бетінше емделуді құптайды. Көбінесе суық тию мен тұмау белгілерін — 78%, аздап ауырсынуды — 67%, асқазан-ішек жолының жеңіл бұзылыстарын — 48% өз бетінше емдейді. Негізгі себеп — бұрынғы тәжірибе: респонденттердің 54%-ы жеңіл сырқаттанған кезде өзіне қандай дәрі-дәрмек немесе тәсіл көмектесетінін бұрыннан білетінін айтады. Сонымен қатар 41%-ы дәрігер қабылдауын ұзақ күтпеу үшін, ал 28%-ы дәрігерге тұрақты түрде баруға қаржылық мүмкіндігі болмағандықтан өзін-өзі емдеуге жүгінеді. Қазақстандықтардың 15%-ы өз бетінше емделудің жағымсыз салдарына тап болған.
Денсаулық сақтау жүйесіне қанағаттану деңгейі артып келеді, алайда дәрігерге қаралу мүмкіндігі басты сұраныс болып отыр
2026 жылы Қазақстан тұрғындарының 43%-ы мемлекеттік денсаулық сақтау жүйесіне қанағаттанатынын айтқан, ал бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 36% болған. Осылайша, бір жыл ішінде көрсеткіш 7 пайыздық тармаққа өсті. 2024 жылы қазақстандықтардың 28%-ы денсаулық сақтау жүйесіне қанағаттанатынын білдірген. Сонымен қатар медициналық көмек алу мүмкіндігі — ең өзекті мәселенің бірі. Тұрғындардың 59%-ы медицина мамандарының тапшылығы мен медициналық көмекті ұзақ күтуді негізгі қауіп-қатер қатарына жатқызады, ал 54%-ы қолжетімді бағамен медициналық көмек алу мүмкіндігінің шектеулі екенін атап өткен.
Ел тұрғындары денсаулық сақтау саласындағы өзгерістің басымдықтарын өздігінен айқындай алса, 64%-ы ең алдымен алғашқы медициналық көмекке, яғни дәрігерлер мен емхана қызметтеріне қол жеткізу мүмкіндігін жақсартар еді. 45%-ы ауылдық және шалғай өңірлерде медициналық көмекке қол жеткізуді жақсартар еді, ал 43%-ы кезекті қысқартып, медицина мамандарының санын көбейтер еді.
Цифрлық технологияны пайдалануға қызығу жоғары екеніне қарамастан, көпшілік үшін медицина әлі де тікелей қарым-қатынас саласы болып қала береді: 74%-ы дәрігердің тікелей кеңесін алуды, ал 84%-ы профилактикалық тексеруден барып өтуді жөн көреді.
Профилактика әлі де осал тұс болып қала береді
STADA Health Report 2026 зерттеуіндегі тағы бір қарама-қайшылық профилактикаға байланысты. Қазақстан тұрғындарының 56%-ы ұсынылатын профилактикалық тексерудің ешқайсынан өтпейді. Респонденттердің 35%-ы тек кейбір тексеруден өтсе, барлық ұсынылған тексеруден небәрі 9%-ы өтеді. Зерттеуге қатысқан елдер бойынша орташа есеппен респонденттердің 33%-ы профилактикалық тексеруден мүлдем өтпейді, ал барлық ұсынылған тексеруден 18%-ы өтеді. Осылайша, профилактикалық тексеруге қатыспайтын қазақстандықтардың үлесі зерттеуге қатысқан елдер бойынша орташа көрсеткіштен айтарлықтай жоғары. Сонымен қатар ел тұрғындарының өзі профилактиканың маңызын мойындайды. Егер олардың денсаулыққа ғана жұмсауға болатын ай сайынғы қосымша 100 еуросы (шамамен 60 мың теңге) болса, ең көп таңдалатын бағыт профилактика мен медициналық тексеру болар еді — респонденттердің 33%-ы қаражатты осы мақсатқа жұмсар еді.
STADA Health Report 2026 нәтижелері науқастың рөлі қалай өзгеріп жатқанын көрсетеді. Қазақстандықтардың денсаулығын өз бетінше басқаруға арналған құралдары көбейіп келеді, олар жасанды интеллектіні белсенді пайдаланып, медициналық ақпаратты өздері іздейді. Алайда жаңа мүмкіндіктермен қатар медициналық сауаттың, ақпараттың сенімділігі мен кәсіби сараптаманың маңызы да арта түседі. Технология науқастың дәрігерге қаралу жолын өзгерткенімен, дәрігердің орнын баса алмайды.
STADA Health Report 2026 туралы
STADA Health Report қатарынан он үшінші жыл өткізіліп жатыр және адамдардың денсаулыққа деген көзқарасын, сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы негізгі өзгерістерді зерттейді. Қазақстан зерттеуге 2022 жылдан бері қатысып келеді — 2026 жылы бесінші рет қатысты.
STADA Health Report 2026 зерттеуін Human8 халықаралық зерттеу компаниясы 2026 жылғы ақпан-наурыз айларында онлайн сауалнама әдісімен жүргізді. Сауалнамаға 20 елден 18 бен 99 жас аралығындағы 19 514 респондент қатысты. Әр елде жас, жыныс және тұратын өңір ескеріліп, репрезентатив іріктеме жасалды. Қатысушылар 40-тан астам сұраққа жауап берді.